Гуанчжоудан Алматыға бағыт алған ұшақ бортында қайғылы оқиға тіркелді. Рейс кезінде жолаушылардың бірі кенеттен көз жұмды. Көліктегі полиция департаменті аталған дерекке қатысты ресми түсініктеме берді.
Оқиға туралы алғашқы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Желі қолданушысының айтуынша, жағдай 11 желтоқсан күні болған.
Куәгердің сөзіне қарағанда, марқұм 64 жастағы әйел адам болған және ол онкологиялық дерттің төртінші сатысында жүрген.
"Марқұмның туыстарына қайғыра көңіл айтамын. Меніңше, әрбір рейсте алғашқы көмек көрсете алатын дәрігер болуы керек", – деп жазды куәгер өз жазбасында.
Полиция не дейді?
Tengri Travel тілшілері оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Көліктегі полиция департаментіне хабарласты. Құқық қорғау органдары қайғылы жағдайды растап, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады.
Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады.
Мамандардың алдын ала болжамы бойынша, жолаушының өліміне оның созылмалы ауруы себеп болған. Қазіргі таңда барлық мән-жайлар анықталып жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданбақ.
Әуедегі екінші оқиға
Айта кетейік, бұл соңғы күндері Қазақстан әуе жолдарында тіркелген жалғыз оқиға емес.
Бұған дейін DV712 "Ақтөбе – Алматы" рейсінде де жолаушы әйелдің жағдайы күрт нашарлаған болатын. Сол кезде әуе кемесінің командирі шұғыл түрде әуежайға кері қайту туралы шешім қабылдаған еді.
Өкінішке қарай, жерге қонғаннан кейін жедел жәрдем бригадасы реанимациялық шаралар жасағанымен, жолаушыны аман алып қала алмады.




