Қазақстан алдағы жылдары көмірді энергияның негізгі көзі ретінде сақтайды. Бұл туралы «Каспий» тауар биржасы» АҚ жариялаған жаңа аналитикалық есепте айтылған. Есепте әлемдік нарықтағы трендтермен қатар, көмірдің ішкі нарықтағы жағдайы мен биржалық саудадағы рөлі де егжей-тегжейлі
Қазақстан алдағы жылдары көмірді энергияның негізгі көзі ретінде сақтайды. Бұл туралы «Каспий» тауар биржасы» АҚ жариялаған жаңа аналитикалық есепте айтылған. Есепте әлемдік нарықтағы трендтермен қатар, көмірдің ішкі нарықтағы жағдайы мен биржалық саудадағы рөлі де егжей-тегжейлі сипатталған, деп хабарлайды
Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Әлемдік трендтер мен баға болжамдары
Халықаралық энергетикалық агенттіктің деректеріне сәйкес, 2024 жылы әлемде 9,15 млрд тонна көмір өндірілді. 2022 жылғы рекордтық бағалардан кейін көмір арзандай бастады. Дүниежүзілік банктің болжамынша, 2025 жылы австралиялық көмірдің бағасы тоннасына 100 АҚШ долларына дейін төмендеп, 2026 жылы 95 долларға дейін түсуі мүмкін.
Қазақстан: тұрақты өндіруші және негізгі қор иесі
Қазақстан әлемдегі ең ірі көмір қорына ие елдердің ондығына кіреді — дәлелденген қор 25–33 млрд тонна аралығында. Бұл елге көмірді шамамен 200–300 жыл бойы тұрақты өндіруге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда көмір бастапқы энергия тұтыну құрылымының шамамен 50%-ын, ал жылу энергиясының 80%-ын құрайды. Бұл көмірді еліміз үшін басты стратегиялық ресурсқа айналдырып отыр.
Көмір секторының экономикадағы орны
Сала ЖІӨ-нің 0,7–1,1%-ын қамтамасыз етеді. Тікелей жұмыспен қамту деңгейі төмен (шамамен 33 мың адам немесе 0,5%), бірақ Қарағанды мен Павлодар облыстарында көмір өндірісі жергілікті экономика үшін ерекше маңызға ие.
Көмір бағасының арзан болуы ел экономикасының маңызды бәсекелестік артықшылықтарының бірі болып қала береді.
Баға өсімі мен өңірлік айырмашылықтар
2024 жылдың қыркүйегінде тас көмірдің өндірістік құны тоннасына 17 676 теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,8%-ға жоғары. Аймақтардағы тұтыну бағалары 8 мыңнан 26 мың теңгеге дейін өзгереді.
Биржалық сауда: ашықтық пен тұрақтылық кепілі
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында «Каспий» биржасында көмірге деген қызығушылық жоғары болды. Сұраныс көлемі — 1,1 млн тонна, ұсыныс — 543 мың тонна, мәмілелер көлемі — 290 мың тоннадан асты. Ең белсенді сауда кезеңі – қаңтар-сәуір аралығы.
«Коммуналдық-тұрмыстық көмірдің биржалық саудасы – баға белгілеудің ашықтығын арттырып, жеткізілім тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды құрал. Бұл делдалдарды азайтуға, сапаны бақылауға және нарықтағы манипуляциялардың алдын алуға көмектеседі. Қысқа және орта мерзімді перспективада көмір еліміздің энергия жүйесінде басты рөлін сақтай береді», – деді «Каспий» тауар биржасы» АҚ президенті Мұрат Қадисов.
Анықтама:
«Каспий» тауар биржасы» АҚ — 2011 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Қазақстандағы жетекші сауда алаңдарының бірі. Компания БҰҰ Жаһандық шартының қатысушысы болып табылады.
БАҚ үшін байланыс:
press@ccx.kz
8 701 216 88 62
www.ccx.kz
Фото: Freepik