Ресей астанасында әзербайжандық белгілі кәсіпкер Вагиф Сулейманов (Вагиф Бакинский деген атпен танымал) ұсталды. Бұл туралы «Коммерсантъ» басылымы жазды, деп хабарлайды Todayinfo.
Сулеймановтың ұсталуына Ресей Федерациясында болу тәртібін бұзуы себеп болған. Қазіргі уақытта ол Мәскеу қалалық ішкі істер басқармасына қарасты шетел азаматтарын уақытша ұстау орталығына жеткізілді. Кәсіпкер Әзербайжанға депортацияны күтіп отыр.
Сулеймановтың есімі Мәскеудегі бірқатар ірі бизнес жобалармен байланысты. Соның ішінде Калужское тас жолы бойындағы ірі агроөнеркәсіп кешені — «Фуд-сити» де бар. Ол 1965 жылы 15 тамызда Тбилисиде дүниеге келген. Жастық шағын Бакуде өткізген кәсіпкер 1990-жылдары Ресейге қоныс аударған.
Айта кетейік, бұл Вагиф Сулеймановтың құқық қорғау органдарымен алғашқы байланысы емес. 2006 жылы ол Мәскеуде 33 грамм гашиш сақтағаны үшін ұсталып, жауапкершілікке тартылған болатын.
Кәсіпкердің ұсталу оқиғасы Мәскеу мен Баку арасындағы соңғы күндері шиеленісе түскен қарым-қатынас аясында орын алды. 27 маусымда Ресейде 2001–2011 жылдар аралығындағы кісі өлтіру істеріне қатысы бар деген күдікпен 50-ден астам әзербайжан азаматы ұсталған. Солардың екеуі қамауда көз жұмған. Осы оқиғадан кейін Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапынан ресми түсініктеме беруін талап еткен болатын.
Фото: life.ru



