Биыл Қазақстанда қыс қар аз болды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қуаңшылық жылдары дәнді дақылдардың өнімділігі 15–30%-ға төмендейді, ал солтүстік өңірлердің жекелеген аймақтарында бұл көрсеткіш 40%-ға дейін жетуі мүмкін, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Осындай жағдайда фермерлерге не көмектесе алады? Бұл сұраққа су ресурстары жөніндегі сарапшы, Қазақстан Жастар Парламентінің президенті Қуаныш Өзбеков жауап берді.
«Орта есеппен қар жамылғысы көктемнің басында топырақтағы ылғал қорының 30–40%-ын қамтамасыз етеді. Сондықтан фермерлер ылғал үнемдейтін технологияларды қолдануы қажет. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай технологиялар қуаңшылық маусымдарында өнімділікті 10–20%-ға арттырады, ал жанар-жағармайға кететін шығынды 2–3 есе азайтады.
Шығынның алдын алу үшін қуаңшылыққа қарсы индекстік сақтандыруды пайдалануға болады. Бұл ретте белгілі бір аумақтағы салыстырмалы ауа ылғалдылығы немесе NDVI индексінің көрсеткіштері негізге алынады. Егер ылғал деңгейі белгіленген шектен төмен түссе, өтемақы автоматты түрде төленеді. Бұл классикалық сақтандыруға қарағанда ыңғайлы, себебі актілерді жинап, фото түсіріп, залалды дәлелдеудің қажеті жоқ.
Агросақтандыру корпорациясының дерегінше, 2023–2024 жылдары индекстік сақтандыру бойынша орташа өтемақы бір гектарға 15–25 мың теңгені құрады, ал жекелеген қуаңшылық аудандарында бұл сома гектарына 35 мың теңгеге дейін жеткен».




