Фото: Мұртаза Жүнісұлының жеке мұрағатынан Белгілі Мәдениеттанушы, PhD ғалым Мұртаза Жүнісұлы желіде жазушы Шыңғыс Айтматовқа қатысты естелігімен бөлісті, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі. АЙТМАТОВ ЕСІМЕ ТҮСКЕНІ... 1990 жылдың күзі еді, Кёльн шаһары, Германия. Орталы
Фото: Мұртаза Жүнісұлының жеке мұрағатынан
Белгілі Мәдениеттанушы, PhD ғалым Мұртаза Жүнісұлы желіде жазушы Шыңғыс Айтматовқа қатысты естелігімен бөлісті, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
АЙТМАТОВ ЕСІМЕ ТҮСКЕНІ...
1990 жылдың күзі еді, Кёльн шаһары, Германия.
Орталық мешіттің ашханасында бір топ түрік ағайынмен сұхбат құрып тұрған кез.
Акиф ағай келіп мені телефонға шақырды, жүгіріп бардым, ол кезде әзіргідей қолфон жоқ қой.
«Мұртаза інім, кешкі пойызға отырғай жатырмын, Киль (Kiel) қаласындағы оқырмандарыммен кездесуім жақсы өтті. Пойыз таңғы сағат бестерде Кёльн вокзалына барады екен, одан Люксембург пойызына отыруым керек, не бары 5-ақ минутым бар екен. Өзің келіп перонда тұрып екінші пойызға отыруға көмек етсең жақсы болар еді!» дейді Шыңғыс Төреқұлұлы ағатайым.
«Шыңғыс аға, еш алаң болмаңыз, өзім барып Сізді Люксембург пойызына отырғызамын!».
Түрік достарыма айттым білесіңдер ме кім хабарласқанын, мұқым жер бетіндегі түріктектінің мақтанышы, адамзаттың маңдайалды жазушысы Шыңғыс Айтматов дедім, ондай адамды көрем десеңдер ұйқыларыңды қиып менімен бірге барыңдар, небары 5-ақ минутымыз бар дедім.
Қаны бұрқылдап қайнап кеткен түкеңдер барамыз, көреміз десті қуана қуана.
Таңертең 04-30 кезінде Кёльн вокзалына бардық, оншақты адамбыз, жасы кәрісі аралас дегендей. Оқыған тоқыған адамдар емес, көбі немістердің заводтарында істейтін жұмысшылар енді.
Кильден келетін пойыздың перонын тауып бардық, сабырсыздықпен күтіп отырмыз, эмоция шарықтап тұр.
Межелі уақытта отарба келді, немістер оған мықты ғой, ол кезде сондай еді. Бақсақ пойыздың вагоны көп екен, мына жақтан Люксембург пойызы кеткей жатыр. Мен ана вагон сенікі, мына вагон менікі дегендей жүгіріп Шыңғыс ағамды іздеп жатырмын жанталасып, түкеңдер де бірге жүр.
Ағам көрінбейді, не болды екен, қайда жүр екен, ұят болды-ау, кәдеге жарамай қалдым ғой деп қынжылып жатырмын.
Уақыт таусылып, пойыздар екі жаққа қайырылып кететін боп тұр, анонстар жүріп жатыр тез болыңдар деп.
«Мұртаза, мен мұндамын!» деген дауыс орталық вокзалдың барлық дауыс дақпыртын басқандай болып естілді құлағыма, немісше анонстың бәрінен ерек жұмсақ дауыс.
Қарасам анадай жерде вагонның есігін ұстап Шыңғыс ағам тұр екен, қардашлар жүгіріңдер, үлкен кісіні таптым, бірнеше секундымыз ғана бар деп айғайлап жатырмын.
Сүйтсем, Шыңғыс ағай өзі қырағылық танытып, біз пойыздың бас жағында тұрғанда қолына багажын алып, екінші пойызға отырып алған екен, ол да мені аңдып есіктен қарап тұр көрінер ме екен деп, бірақ қасымда оншақты адамның барын білген жоқ. Ол кезде ватсапп деген жоқ қой бәрін айтып жазып отыратұғын, орын бөлісіп үнхат жолдайтұғын.
Пойыз жүргей жатыр, жүгірдік, ағайдың алдына бардық бәріміз, құшақтасып амандасуға мұрша болмай қалды, әттең!
«Шыңғыс Аға, Кёльнде тұратын түрік бауырлар ғой, Сіздің келетініңізді есітіп, бір көріп қалайықшы деп менімен бірге келіп еді, кешіріңіз үлгере алмай қалдық!»
Алып тұлға жібіді, тұңғиық терең бір сезім баурап алғандай, жүзінің көрінісі көз алдымда, бұл қандай бауырластық, қандай ағайыншылық сезім, мына уақытта бәрін тастап келіпсіңдер, қайран бауырларым, бір туғандарым деп тұрғандай.
«Чоң рақмат сіздерге, чоң рақмат!»
Көңілі босап кеткен асқаралы тұлғамыз есік жабылып, пойыз қозғалып алыстап бара жатты, бірақ жүзі со қалпы өзгермей мұңайып тебіреніп кете барды.
Бәріміз үшін естен кетпес бір естелік болды, біраз күн айттық, әңгіме еттік. Бүгін неге екенін білмеймін осы бір сәт есіме түсе қалғаны. Қолфон болса бәрін суретке, видеоға түсіріп алар ма едік, бірақ мынадай есте қалар ма еді ол...
Әзір сурет көп, кескін көп, есте ештеңе жоқ, көп болған соң қадірі болмайтын секілді ғой.
Уа, асыл ағам, Қырғыз елімнің түрік халықтарына берген сыйы, күллі адамзатқа шашқан нұры, топырағыңыз торқа болсын, рухыңыз шат!
Біз Сізді ұмытпаймыз, жарқын бейнеңіз, сабырлы да салмақты сөйлеу мәнеріңіз, терең ойлылығыңыз ешқашан да ұмытылмайды!
Айтматов бақиға аттанғанда қырғыз елім ғана жетім боп қалған жоқ, қазақ та, өзбек пен түрікмен де, әзірбайжан мен түрік те жетімсіреп қалды ғой, Оның орнын толтыратын тұлға әлі шыққан жоқ, шығуы да екіталай болып көрінеді маған.
Адами құндылықтар тозып, қаңылтыр мәдениеті үстем болған мына заманда арзан күлкі, өтірік өсек таратқыш жазғыштар мен сенсация қуған блоггерлерден көз ашпай кеттік қой. Ұлы адам өмірден кетіп, ұлы идеялар тұл болған мына қу заманда құлқынның қамынан аспайтындар ұлы тұлға атанып жүр ғой.
Заманына қарай адамы, адамына қарай заманы.
Бұл сөзді ұққан ұқты, ұқпағанға һидаят тауфиқ тілейміз...