Todayinfo.kz
Өзгекті жазбаларView all articles

Халқы кедей, басшысы бай: СҚО әкімінің отбасы түгелдей табысты кәсіпкерлерге айналған

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары бюджет қаржысын есептеп, жаңа жолдар, мектептер мен жұмыс орындарын күтіп отырған тұста, облыс әкімінің отбасына тиесілі бизнес құрылымдар көзге көп түсе бермей дамып келеді. Мейрамхана бизнесі, құрылыс, жылжымайтын мүлікті басқару, карьер

By Айғаным Нариманова··5 min read
Халқы кедей, басшысы бай: СҚО әкімінің отбасы түгелдей табысты кәсіпкерлерге айналған

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары бюджет қаржысын есептеп, жаңа жолдар, мектептер мен жұмыс орындарын күтіп отырған тұста, облыс әкімінің отбасына тиесілі бизнес құрылымдар көзге көп түсе бермей дамып келеді. Мейрамхана бизнесі, құрылыс, жылжымайтын мүлікті басқару, карьерлерді игеру – салалары әртүрлі болғанымен, барлығын біріктіретін бір ғана фамилия. Өңір басшысының жұбайы мен балалары ең табысты бағыттарда жұмыс істейтін компаниялар мен жеке кәсіпкерлердің иелері. Бұл – жай ғана сәйкестік пе, кәсіпкерлікке бейімділік пе, әлде әкімшілік ресурстарға жақындықтың әсері ме? Todayinfo.kz материалында СҚО әкімінің отбасы немен айналысатынын және олардың бизнес мүдделері қаншалықты кең екенін талдайды.

Алдымен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі туралы қысқаша айта кетейік. Өмірбаянына сүйенсек, Нұрмұхамбетов Ғауез Торсанұлы – «кабинеттік» шенеуніктердің қатарынан емес. Оның еңбек жолы мемлекеттік қызметтен емес, совхоз бригадасынан басталған: 1985 жылы механизатор болып жұмысқа кірісіп, Кеңес Одағы тарағаннан кейін дипломды ғалым-агроном ретінде аграрлық салаға қайта оралған. Алғашқы білімі – Целиноград ауыл шаруашылығы институты (1992), кейін Челябіде заңгерлік (2002) және Қостанайда экономикалық білім (2008) алған. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолы бір өңірдің – Қостанай облысының шеңберінде біртіндеп қалыптасқан. Алдымен бас агроном, кейін кәсіпорынның атқарушы директоры, 1990-жылдардың соңынан бастап аудан әкімі қызметін атқарған. Таранов, Қарабалық аудандары, кейін Қостанай қаласы. Кәсіпкерлік салаға да қысқа мерзімге ауысып, ЖШС директор орынбасары болған, алайда кейін қайтадан әкімдік жүйесіне оралған. 2015 жылдан бастап Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2023 жылы сенатор болып тағайындалып, бірнеше айдан кейін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне кірісті.

Отбасылық бизнес

Нұрмұхамбетов Ғауез Торсанұлы аграрлық әрі әкімшілік мектептен өткен тұлға болса, оның отбасы ашық деректерге қарағанда экономикалық бағытын негізінен жер және мүлік саласында қалыптастырған.

Әкімнің жұбайы – Нұрмұхамбетова Гүлнара Дулатқызы 2024 жылы 7 680 000 теңге табыс тапқанын көрсеткен. Оның Қостанай қаласында 2009 жылдан бері тіркелген жеке кәсіпкерлігі бар. Негізгі қызмет түрі – өзіне тиесілі жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқару.

Әкімнің үлкен ұлы – Нұрлан Нұрмұхамбетов 2022 жылы Қостанайда тіркелген «КСТ минералс» ЖШС-нің құрылтайшысы. Компанияның қызметі – құм және қиыршық тас карьерлерін игеру. Бұл сала құрылыс пен инфрақұрылыммен тікелей байланысты, яғни негізгі тапсырыс беруші көбіне мемлекет болатын нарық. Дегенмен, компания әзірге ірі ауқымға шықпаған. Оның салық төлемдері орташа деңгейде:

«КСТ минералс» ЖШС салық төлемдері: 2022 ж. – 12 060 теңге
2023 ж. – 379 800 теңге
2024 ж. – 332 280 теңге
2025 ж. – 1 146 915 теңге
(pk.uchet.kz деректері бойынша)

Бұған дейін Нұрлан Нұрмұхамбетов 2021 жылы тіркелген «Нурасыл Агро-Жер» компаниясының жалғыз иесі әрі басшысы болған. Ол аралас ауыл шаруашылығымен айналысқан. Қазір компания құрылымы өзгеріп, басқару «ҚазАгроКапитал» корпоративтік орталығына өткен. 2021–2025 жылдар аралығында бюджетке бар болғаны 610 084 теңге төленген, бұл ірі агробизнес емес, минималды белсенділікті көрсетеді.

Сонымен қатар, оның 2020 жылдан бері тіркелген «Нұр-Сәт» жеке кәсіпкерлігі бар. Қызмет түрлері – тұрғын үйді жалға беру және дүкенсіз бөлшек сауда. Кіші кәсіпорын, бес адамға дейін қызметкері бар.

Екінші ұлының бизнесі

Отбасылық бизнесті әкімнің екінші ұлы – Нұржан Нұрмұхамбетов толықтырады. Егер ағасы карьер мен мүлікке мән берсе, бұл бағытта құрылысқа басымдық берілген.

Оның атына 2009 жылы Қостанай қаласында тіркелген «Стройград Групп» ЖШС рәсімделген. Компания қызметі: – тұрғын үйлер салу,
– темірбетон және бетон бұйымдарын өндіру,
– жүк көліктерін жалға беру,
– дүкенсіз бөлшек сауда.

Кәсіпорын шағын бизнес санатына жатады. Құрылтайшысы – Нұржан Нұрмұхамбетов, ал директоры – оның ағасы Нұрлан. Яғни бизнес формалды түрде бөлінгенімен, басқару жағынан отбасылық байланыс бар.

2015 жылдан бері компания бюджетке 21,8 млн теңге төлеген. Негізгі төлемдер соңғы жылдарға тиесілі:

«Стройград Групп» ЖШС салық төлемдері: 2015 ж. – 460 122 теңге
2021 ж. – 101 696 теңге
2022 ж. – 3 471 179 теңге
2023 ж. – 14 737 730 теңге
2024 ж. – 1 719 893 теңге
2025 ж. – 770 323 теңге
(pk.uchet.kz деректері бойынша)

2022 жылы Нұржан Нұрмұхамбетов дәл сол мекенжайда тағы бір компания – «Arias Engineering» ЖШС-ін тіркеген. Қызметі – тұрғын үйлер салу.

«Arias Engineering» ЖШС салық төлемдері: 2022 ж. – 31 800 теңге
2023 ж. – 46 600 теңге
2024 ж. – 2 058 666 теңге
2025 ж. – 1 430 468 теңге
(pk.uchet.kz деректері бойынша)

Сонымен қатар, оның атына «Болагак» жеке кәсіпкерлігі тіркелген. Қызметі – сылақ және әрлеу жұмыстары, құрылыс техникасын жалға беру.

Егер барлығын біріктірсек, мынадай тізбек шығады: – материал өндіру (бір ұлы),
– құрылыс және бетон бұйымдары (екінші ұлы),
– әрлеу жұмыстары мен техника жалдау (ЖК),
– жылжымайтын мүлікті жалға беру (ана мен ұлы).

Яғни бір отбасының ішінде құрылыс циклі толық қалыптасқан.

Елорда төріндегі кәсіп

Отбасының тағы бір бағыты – қызмет көрсету саласы. Әкімнің қызы Асель Нұрмұхамбетова 2025 жылдың шілдесінде Астанада «Астана Сандық» ЖШС-ін тіркеген. Қызметі – мейрамхана және тамақ жеткізу. Қазірше салық төлемдері жоқ, себебі компания жаңа.

Сонымен қатар, оның атына FinTech жеке кәсіпкерлігі тіркелген. Қызметі – ақпараттық қызметтер және мүлікті жалға беру.

Жалпы алғанда, бұл жерде офшорлар да, миллиардтаған табыс та жоқ. Бәрі шағын бизнес ретінде көрінеді. Бірақ құм, бетон, құрылыс, жалға беру мен мейрамхана бизнесі бір фамилия төңірегіне топтасқанда, мәселе тек заңдылықта емес, сенімде. Өйткені билік үшін ең маңыздысы – тек заң аясында жұмыс істеу емес, әкімшілік ресурс пен отбасылық бизнестің арасындағы арақашықтықты сақтау.

Ал бұл арақашықтық қысқарған сайын басты сұрақ туындайды:
бұл жай ғана сәйкестік пе, әлде қызметтің айналасында қалыптасқан тым ыңғайлы экожүйе ме?

Related

Халқы кедей, басшысы бай: СҚО әкімінің отбасы түгелдей табысты кәсіпкерлерге айналған · Todayinfo