Todayinfo.kz
NewsView all articles

Мемлекеттік және жеке сектор бизнестің тұрақтылығын арттыру жолдарын талқылады

Астанада «Нормативтік талаптарды сақтау және жауапты басқару арқылы бизнестің тұрақтылығын нығайту» тақырыбында мемлекеттік сектор мен жеке сектор өкілдерінің қатысуымен диалог алаңы өтті, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі. Іс-шара барысында жеке сектор өкілдері Ортал

By Айғаным Нариманова··2 min read
Мемлекеттік және жеке сектор бизнестің тұрақтылығын арттыру жолдарын талқылады

Астанада «Нормативтік талаптарды сақтау және жауапты басқару арқылы бизнестің тұрақтылығын нығайту» тақырыбында мемлекеттік сектор мен жеке сектор өкілдерінің қатысуымен диалог алаңы өтті, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шара барысында жеке сектор өкілдері Орталық Азия елдеріндегі нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру арқылы бизнестің тұрақтылығын арттыруға бағытталған ұсыныстарын ортаға салды. Қатысушылар комплаенс (нормативтік талаптарды сақтау) және жауапты басқару мәселелері бойынша мемлекеттік және жеке сектор арасындағы өзара іс-қимылды күшейту жолдарын талқылады.

Жиынға мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастығы, азаматтық қоғам ұйымдары мен халықаралық серіктестердің өкілдері қатысып, Қазақстандағы реттеуші органдар мен жеке сектор арасындағы ортақ басымдықтарды айқындау мақсатында сындарлы пікір алмасты.

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі жаһандық жағдайда нормативтік талаптарды сақтау мен жауапты басқару экономикалық бәсекеге қабілеттілікті арттырудың маңызды факторына айналып отыр. Әсіресе Орталық Азия елдері үшін халықаралық нарықтарға шығу, жаһандық жеткізу тізбектеріне қосылу және инвестиция тарту ашық әрі болжамды ішкі ережелердің болуын талап етеді.

CIPE-тің Еуропа және Еуразия бойынша директоры Наталья Отель Белан өз сөзінде бизнестегі ашықтық пен диалогтың маңызын атап өтті.

«Қазіргі халықаралық жағдайда кәсіпкерлер, қаржы институттары мен мемлекеттік органдар ортақ түсінікке келіп, жүйелі әрі ашық диалог жүргізсе, нормативтік талаптарды сақтау сенім мен ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылықтың құралына айналады», – деді ол.

Ал Комплаенс және іскерлік этика қауымдастығының тең құрылтайшысы, Alatau City Invest компаниясының басқарушы директоры Даурен Ақшалов санкциялық комплаенс мәселелерінің өзектілігіне тоқталды.

«Жергілікті бизнес үшін санкциялық комплаенс бойынша мемлекеттік органдар және халықаралық серіктестермен ашық диалог орнату негізгі тәуекелдерді шынайы талқылауға және ортақ практикалық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл бүкіл Орталық Азия өңірінің орнықты дамуына оң әсер етеді», – деді ол.

Аталған іс-шараны Халықаралық жеке кәсіпкерлік орталығы (CIPE) мен Комплаенс және іскерлік этика қауымдастығы (CBEA) бірлесіп ұйымдастырды. Диалог алаңы экономикалық қауіпсіздік пен нормативтік талаптарды сақтау саласындағы негізгі үрдістер, сын-қатерлер мен мүмкіндіктер туралы қатысушылардың хабардарлығын арттыруды мақсат етті.

Жиын Ұлыбританияның Сыртқы істер, Достастық және даму істері министрлігінің (FCDO) қолдауымен өтті.

Related

Мемлекеттік және жеке сектор бизнестің тұрақтылығын арттыру жолдарын талқылады · Todayinfo