Todayinfo.kz
Ақпарат комитетіView all articles

Қаржы саласының болашағы киберқауіпсіздікке тікелей байланысты - сарапшы пікірі

Мемлекеттік ұйымдар мен қаржы иниституттары қызмет көрсету сапасын жақсартқанымен, кибершабуыл қаупін де айтарлықтай күшейтті.

By Айдар Керім··2 min read
Қаржы саласының болашағы киберқауіпсіздікке тікелей байланысты - сарапшы пікірі
📷 Коллаж: Егемен Қазақстан

Цифрландыру жүйесі жылдам дамыған сайын киберқауіпсіздік мәселесі де күн тәртібінен түспейді. Қаржы саласының цифрлануы банктердің жұмысын бұрынғыдан әлдеқайда жылдам әрі тиімді етті. Алайда жаңа технологиялардың қарқынды дамуы киберқауіпсіздік мәселесін күн тәртібіне шығарды. Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары банктердің бәсекеге қабілеттілігі тек цифрлық сервистердің санына емес, олардың қауіпсіздігі мен сенімділігіне де тікелей байланысты болады.

Todayinfo.kz ақпараттық порталы киберқауіпсіздік жайында арнайы сарапшының пікірін тыңдады.

Бүгінде банк қызметтерінің басым бөлігі онлайн форматқа көшті. Клиенттер мобильді қосымшалар арқылы төлем жасап, несие рәсімдеп, депозит ашып, қаржылық операциялардың басым бөлігін қашықтан орындайды. Бұл қызмет көрсету сапасын жақсартқанымен, кибершабуыл қаупін де айтарлықтай күшейтті.

Қаржсы саласының маманы, сарапшы Жұлдыз Сардалинаның сөзінше, киберқауіпсіздік қаржы ұйымдарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін негізгі бағыттардың біріне айналып отыр.

  • - Қазіргі банктер биометриялық сәйкестендіру, Open API, бұлтты технологиялар және жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді кеңінен қолдануда. Мұндай технологиялар операцияларды жеңілдеткенімен, ақпараттық жүйелерге заңсыз қол жеткізу мүмкіндігін де арттырады. Әсіресе жасанды интеллекттің дамуы алаяқтардың жаңа тәсілдерді қолдануына жол ашты. Олар фишингтік хабарламалар дайындап, адамның дауысын немесе бейнесін шынайы етіп қолдан жасап, азаматтарды алдау әрекеттерін күшейтіп келеді, -дейді сарапшы.

Оның сөзінше, Қазақстанда қаржы секторындағы ақпараттық қауіпсіздік талаптары жылдан-жылға күшейіп келеді. Банктер ақпараттық жүйелерін тұрақты тексеріп, бағдарламалық кодтарды талдап, деректерді шифрлап, қауіпсіздік талаптарының сақталуын үздіксіз бақылауы тиіс. Сонымен қатар реттеуші органдар банктердің кибершабуылдарға нақты дайындығын бағалау мақсатында тәжірибелік кибероқулар өткізуді жоспарлап отыр. Мұндай тәсіл ықтимал қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Дегенмен сарапшылар киберқауіпсіздіктің басты тәуекелдерінің бірі адам факторымен байланысты екенін айтады. Қызметкердің фишингтік сілтемеге өтуі, құпия ақпаратты қате мекенжайға жіберуі, қорғалмаған байланыс арналары арқылы қызметтік мәлімет алмасуы немесе жасанды интеллекттің ашық платформаларына құпия құжаттарды жүктеуі үлкен қауіп тудыруы мүмкін. Сондықтан банктер техникалық қорғаныспен қатар қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыруға да ерекше көңіл бөлуі қажет.

  • - Цифрландыру басқарушылық шешімдердің тиімділігіне де оң әсерін тигізуде. Бұрын ай сайынғы есептерге сүйенген басшылық бүгінде нақты уақыт режимінде клиенттердің белсенділігін, мерзімі өткен қарыздардың көлемін, күмәнді транзакцияларды, техникалық ақауларды және басқа да маңызды көрсеткіштерді бақылап отыра алады. Ал предиктивті аналитика ықтимал тәуекелдерді алдын ала болжап, проблемаларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге цифрлық технологиялардың тиімділігі пайдаланылатын деректердің сапасына тәуелді. Егер ақпарат толық болмаса немесе алгоритмдер дұрыс бапталмаса, жүйе клиенттің өтінімін негізсіз қабылдамай қоюы, операцияларды қате бұғаттауы немесе тәуекел деңгейін дұрыс бағаламауы мүмкін. Сондықтан кез келген цифрлық шешім сенімді деректерге, тәуелсіз тексерілген модельдерге және қажет жағдайда адамның араласуына негізделуі тиіс, - дейді қаржыгер Жұлдыз Сардалина.

Қазіргі таңда банктер арасындағы бәсеке тек жаңа цифрлық өнімдермен өлшенбейді. Нарықта ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, клиенттердің сенімін сақтай алған қаржы ұйымдары ғана ұзақ мерзімді табысқа жете алады. Демек, цифрландыру мен киберқауіпсіздік – банк жүйесінің тұрақты дамуының өзара тығыз байланысты екі тірегі болып қала бермек.

Десе де, қанша жерден банк, қаржы саласы, тіптен құқық қорғау органдары киберқауіпсіздікті мықты қолға алса да, адамдардың қаржылық сауаттылығы бәрбірі басты орында болып қала бермек.

Related

Қаржы саласының болашағы киберқауіпсіздікке тікелей байланысты - сарапшы пікірі · Todayinfo