Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр президенті Никос Христодулидиске І дәрежелі Достық орденін тапсырды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Марапат рәсімінде Мемлекет басшысы мемлекеттердің ықпалдастығын одан әрі бекіте түсуге ниетті екенін, бұл барлығының мүддесіне сай келетінін айтты.
– Кипр Республикасының басшысы осы оң үрдіске зор үлес қосып келеді. Мен мұны жоғары бағалаймын. Бұл награда қазақ елінің Сізге және бүкіл Кипр Республикасының халқына деген ерекше құрметінің, шынайы ілтипатының белгісі. Елдеріміздің өзара серіктестігі нығая береді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Н.Христодулидис бұл марапатты Кипр халқының атынан қабылдайтынын жеткізді.
– Оның біз үшін ерекше мәні бар. Бұл – елдеріміз арасындағы достықтың белгісі, ал достық барлық мемлекет үшін аса маңызды құндылық, – деді Н. Христодулидис марапаттан кейін.
Н.Христодулидис бұл құрмет Қазақстанға Кипр Республикасы президентінің алғаш рет жасаған ресми сапары барысында көрсетіліп отырғанын атап өтті.
– Бұл сапар 1992 жылы дипломатиялық қатынастар орнатылғаннан бергі маңызды тарихи кезең болып табылады. Ол біздің ортақ ұмтылысымызды, саяси ерік-жігерімізді және екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтып, өзара қызығушылық тудыратын салалардағы ынтымақтастықты тереңдету ниетімізді айқын көрсетеді, – деді Кипр президенті.
Айта кетейік, 2-4 маусым күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидистің Қазақстанға ресми сапары өтеді.




