Todayinfo.kz
NewsView all articles

Қазақстанда 1,6 млрд ағаш отырғызылды: Бектенов жаңа міндеттерді атады

Премьер-министр Олжас Бектенов «Таза Қазақстан» аясында 1,6 млрд ағаш отырғызылғанын мәлімдеді. Үкімет енді көшеттердің жерсінуін бақылайды.

By Мұхтар Жексенбай··1 min read
Қазақстанда 1,6 млрд ағаш отырғызылды: Бектенов жаңа міндеттерді атады

Премьер-министр Олжас Бектенов «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыруды бақылайтын орталықтың отырысын өткізді. Елде 2021 жылдан бері 1,6 млрд ағаш отырғызылып, 1 млн гектардан астам жерге орман-мелиорациялық жұмыстар жүргізілген, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысы Мемлекет басшысының бастамасы табиғатты сақтауға және халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

"Табиғатты сақтау – жай ғана декларация емес, әрқайсымыздың конституциялық парызымыз. Волонтерлік ұйымдар мен жастардың әлеуетін белсенді пайдалану керек. Олардың қатысуы табиғатқа ұқыпты қараудың сабақтастығын қамтамасыз етеді. Біз Конституцияда бекітілген жаңа экологиялық мәдениеттің іргетасын қалап жатырмыз", — деді Олжас Бектенов.

Ол сондай-ақ Арал өңіріндегі жағдайды жақсарту үшін сексеуіл алқаптарын егу жұмыстарының маңызына тоқталды. Бұл ағаштар тұзды дауылдарға қарсы тосқауыл болып, аймақтың экожүйесін қалпына келтіруге септігін тигізеді.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, 2021-2025 жылдар аралығында 1,6 млрд-қа жуық ағаш отырғызылса, биылғы жоспар – 210 млн-нан астам көшет. Елді отырғызу материалымен қамтамасыз ету үшін жалпы ауданы 2,7 мың гектар болатын 243 орман тәлімбағында 157 млн-ға жуық көшет өсіріліп жатыр.

Арал өңірінің экожүйесін қалпына келтіру аясында теңіздің құрғаған 1 млн гектардан астам аумағына орман-мелиорациялық жұмыстар аяқталған. Қазір тағы 165 мың гектар жерде жұмыс жалғасуда.

Премьер-министр мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге жоспарды орындап қана қоймай, отырғызылған көшеттердің жерсінуін қатаң бақылауды тапсырды. Ол цифрландыру жылы аясында Жерді қашықтан зондтау, дрондар мен жасанды интеллект элементтері сияқты заманауи шешімдерді белсенді енгізуді жүктеді.

Сонымен қатар, Алматы, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында орман тәлімбақтарының құрылысын жеделдету міндеті қойылды.

Фото: Әлеуметтік желіден

Related

Қазақстанда 1,6 млрд ағаш отырғызылды: Бектенов жаңа міндеттерді атады · Todayinfo