Todayinfo.kz
Өзгекті жазбаларView all articles

Қазақстандық «Швейцария» және ыстық бұлақтар: Елдегі ең танымал туризм бағыттары

Қазақстанда демалуға болатын ең әдемі 7 жер Қыс мезгілі – тек пеш түбінде жылынып отыратын уақыт емес. Қазақстанның әр өңірі бұл маусымда туристерге мүлдем бөлек әсер сыйлай алады. Бірі шаңғы теуіп, адреналин іздесе, енді бірі ыстық бұлаққа түсіп, ем қабылдауды қалайды. «Kazakh T

By Мейіржан Әуелханұлы··2 min read
Қазақстандық «Швейцария» және ыстық бұлақтар: Елдегі ең танымал туризм бағыттары

Қазақстанда демалуға болатын ең әдемі 7 жер

Қыс мезгілі – тек пеш түбінде жылынып отыратын уақыт емес. Қазақстанның әр өңірі бұл маусымда туристерге мүлдем бөлек әсер сыйлай алады. Бірі шаңғы теуіп, адреналин іздесе, енді бірі ыстық бұлаққа түсіп, ем қабылдауды қалайды.

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы биылғы қыста міндетті түрде бару керек бірнеше бағытты ұсынды. Еліміздің қай түкпіріне саяхаттауға болады?

Шығыс Қазақстан: Нағыз қыс мекені

Егер сіз қалың қар мен таза ауаны аңсасаңыз, Алтайға жол тартыңыз. Бұл өңір қыста ерекше құлпырады.

  • «Нұртау» кешені: Өскеменнен небәрі 35 шақырым жердегі тау шаңғысы курорты биыл қайта іске қосылды. Қалаға жақын әрі ыңғайлы.

  • Риддер және Батыс Алтай қорығы: Табиғатпен оңаша қалып, тыныштық іздегендер үшін таптырмас мекен.

  • Қатонқарағай: Қар басқан қарағайлы ормандар мен мұз құрсаған өзендер ертегі әлемін еске салады. Әсіресе, Коробиха ауылының қысқы көрінісі – фотографтар үшін нағыз олжа.

Алматы: Мегаполис және тау

Алматы – жайлылық пен белсенді демалысты қатар алып жүретін қала. Мұндағы Oi-Qaragai тау курорты экстремалды демалыс сүйер қауымның сүйікті орнына айналып үлгерді. Жақында ғана ашылған аспалы көпір туристерге жаңа сезім сыйлайтыны анық. Шаңғы теуіп болған соң, қаладағы дәмді мейрамханалар мен заманауи музейлерді аралауға болады.

Бурабай және Баянауыл: Қазақстанның «Швейцариясы»

Солтүстіктің сұлу табиғаты қыста тіпті әрлене түседі. Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы Orman Ski Resort кешені кәсіби шаңғышыларға да, жаңадан үйренушілерге де қолайлы. Түнгі уақытта жарықтандырылған трассада сырғанаудың жөні бөлек.

Ал Баянауыл ұлттық паркіндегі қатып қалған көлдер мен жартастар отбасылық серуенге өте ыңғайлы. Мұнда жасалған фотосуреттер Instagram парақшаңыздың сәнін келтіреді.

Шарын және Шонжы: Контрасттар мекені

Көпшілік Шарын шатқалына жазда барғанды ұнатады. Алайда, қысқы Шарынның сұлулығын көрген адам аз. Қызыл шатқал мен аппақ қардың үйлесімі таңғажайып көрініс береді.

Салқын ауада тоңып қалсаңыз, жақын маңдағы Шонжының ыстық бұлақтарына (термалды сулар) баруға болады. Ашық аспан астында, қар жауып тұрғанда ыстық суға түсу – денсаулыққа да, көңіл-күйге де пайдалы.

Түркістан: Жылы әрі тарихи саяхат

Қатты аязды ұнатпайтындар үшін Түркістан таптырмас бағыт. Оңтүстіктің климаты жұмсақ. Мұнда әйгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, Karavansaray кешенінде серуендеуге болады. Тарихпен танысып, рухани демалу үшін Түркістан – нөмірі бірінші таңдау.

Related

Қазақстандық «Швейцария» және ыстық бұлақтар: Елдегі ең танымал туризм бағыттары · Todayinfo