Соңғы 12 айда қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарына 2,1 трлн теңгеден астам инвестициялық табыс есептелді. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) хабарлады.

Қор мәліметінше, 2025 жылғы мамыр мен 2026 жылғы сәуір аралығында міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан активтер бойынша инвестициялық табыс шамамен 2 трлн теңгені құрады. Осы кезеңдегі табыстылық 8,57 пайыз болды.

Ал жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан активтер бойынша 108,2 млрд теңге инвестициялық табыс есептелді. Бұл бағыттағы табыстылық 17,49 пайызға жетті.

Осылайша, бір жылдағы жалпы инвестициялық табыс көлемі 2,1 трлн теңгеден асты.

БЖЗҚ инвестициялық табыс зейнетақы активтерін басқару нәтижесінде қалыптасатынын атап өтті. Оның негізгі көздері – бағалы қағаздар мен депозиттер бойынша сыйақылар, дивидендтер, сондай-ақ қаржы құралдарының нарықтық және валюталық қайта бағалануы.

Қордың мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері теңгенің АҚШ долларына қатысты нығаюы инвестициялық табыс көлеміне әсер еткен. Соған қарамастан, ұзақ мерзімді кезеңде зейнетақы жинақтары оң нақты табыстылық көрсетіп келеді.

1998 жылдан бері жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жиынтық инвестициялық табыстылығы 1060,2 пайызды, ал осы кезеңдегі жинақталған инфляция 979,4 пайызды құрады.