Шығыс Қазақстан облысында «Төтенше жағдайлар министрлігінің Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің облыстық филиалын басқарған С. Станбековке қатысты сот үкімі шықты. Өскемен қаласының №2 соты оның қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланып, бюджет қаражатын заңсыз иемденгенін анықтады,деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Сот тергеуі барысында С. Станбеков қала тұрғынын филиалға ресми түрде жұмысқа орналастырғанымен, шын мәнінде ол қызмет атқармағаны белгілі болды. Осылайша, жалақы есебінен 2,7 млн теңге көлеміндегі қаражатты заңсыз иемденгені дәлелденді.
Сот үкіміне сәйкес, С. Станбековке 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, ол өмір бойына мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда лауазым иелену құқығынан айырылды.
Аталған үкім қазіргі уақытта заңды күшіне енген жоқ. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, сот үкімі күшіне енбейінше адам кінәсіз деп есептеледі.




