Жетісу облысының шалғай ауылдарында жағдай мүшкіл. Мектеп тозған, медициналық пункт апатты жағдайда. Билік шалғайдағы Тоқжайлау мен Сапақ ауылдарына алдағы жылы қомақты қаражат бөлмек, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпараттық агенттігі.
Облыс әкімдігі агенттіктің ресми сұрауына жауап берді. Мәліметке сенсек, 2014 жылы Тоқжайлау ауылдық дәрігерлік амбулаториясы салынып, қолданысқа берілген. Алайда қазіргі таңда ғимарат апатты жағдайда және күрделі жөндеуді қажет етеді.
«Жетісу облысының құрылыс басқармасының мемлекеттік тапсырысы негізінде Сапақ ауылында 2024 жылы “Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылысы басталып, биыл қолданысқа берілді», — деп хабарлады Жетісу облысының әкімдігі.
Ал Тоқжайлау ауылының Бөгенбай батыр көшесінің 2,3 шақырымына түнгі жарық шамдары орнатылған. Күтіп ұстау жұмыстары жергілікті округ әкімдігі тарапынан жүзеге асырылады.
«Сонымен қатар Тоқжайлау ауылының орталық көшесі — М.Тойжанов көшесінен Қабанбай–Көктұма облыстық маңыздағы жолдың 5,3 шақырымына түнгі жарық шамдарын орнатуға 93 млн теңгеге ЖСҚ әзірленіп, 2026 жылға бюджеттік өтінім жолданды.
Сапақ ауылының орталық Абай көшесінің 2 шақырымына түнгі жарық шамдары орнатылған. Сондай-ақ Сапақ ауылы арқылы өтетін Қабанбай–Көктұма облыстық маңыздағы жолға түнгі жарық шамдарын орнатуға арналған ЖСҚ әзірлеу үшін 2026 жылға бюджеттік өтінім жолданады», — деп мәлімдеді ведомстводан.
Тоқжайлау орта мектебінің іргетасы 1983 жылы қаланған. 2015 жылы күрделі жөндеуден өткізілген. Алайда білім ордасының шатыры, терезелері, жылу жүйесі мен кәріз жүйелерін ауыстыру қажет.
Фото: Алакөл ауданы әкімдігі«Алакөл аудандық білім бөлімі тарапынан 50 млн теңгеге сметалық құжаттар әзірленіп, 2026 жылға бюджеттік өтінім жолданды. Аталған білім ордасында 150-ден астам оқушы білім алып жатыр.
Сапақ орта мектебі 2014 жылы күрделі жөндеуден өткізілген. Бұл мектепте 79 оқушы білім алады», — деді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.




