Todayinfo.kz
NewsView all articles

Құранда мешітке садақа беру жайлы жазылмаған — дінтанушы ғалым

Желіде имамдардың зекет пен садақа бермейтіндерді «сараң» деп айыптаған видеосы қызу талқылануда. Осыған қатысты танымал дінтанушы, ғалым Асқар Сабдинов мешітке садақа беру міндет екенін көрсететін нақты аят жоқ екенін айтты, деп жазады Todayinfo.kz ақпараттық порталы. Оның сөзін

By Айғаным Нариманова··1 min read
Құранда мешітке садақа беру жайлы жазылмаған — дінтанушы ғалым

Желіде имамдардың зекет пен садақа бермейтіндерді «сараң» деп айыптаған видеосы қызу талқылануда. Осыған қатысты танымал дінтанушы, ғалым Асқар Сабдинов мешітке садақа беру міндет екенін көрсететін нақты аят жоқ екенін айтты, деп жазады Todayinfo.kz ақпараттық порталы.

Оның сөзінше, садақа тікелей мұқтаж жандарға — кедейлерге, қарызға батқан адамдарға берілгені абзал.

— Құранда «садақаны міндетті түрде мешітке апарып бер» деген үкім жоқ. Ондай аятты таба алмайсыз. Садақа ең алдымен мұқтаж адамға арналуы тиіс, — дейді ғалым.

Бұл мәселеге желі белсендісі Тортуыл Шоқан да пікір білдіріп, дінді қолдан күрделендіріп жүргендерді сынады.

«Биылғы пітір садақасының мөлшері — 735 теңге, яғни екі келі ұнның құны. Мұны міндетті түрде мешітке беріңдер деген үкім Құранда жазылмаған», — деді ол.

Оның айтуынша, садақаны ең алдымен жақын адамдардан бастау керек.

«Садақа бергің келсе, алдымен бауырыңды ойла. Одан кейін ағайыныңды, жамағайыныңды. Олар тоқ болса ғана көршіңе, қарттар мен жетімдер үйіне, мұқтаж жандарға қара», — деді Тортуыл Шоқан.

Сондай-ақ ол садақаның тек ақшамен шектелмейтінін атап өтті.

«Жолаушыға жол көрсету де садақаға жатады. Жылағанды жұбату, жылы сөз айту, мейірімділік таныту — мұның бәрі садақаның түрі», — деді ол.

Желі белсендісі фидья садақасы мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, фидья — ораза ұстай алмаған күндердің өтемі ретінде төленетін садақа түрі.

«Фидья садақасының күндік мөлшері — 4 мың теңге. Бұл — бір міскінді тамақтандыруға жететін ақша. 30 күн үшін шамамен 120 мың теңге шығады», — деді ол.

Тортуыл Шоқанның айтуынша, фидьяны ораза ұстауға шамасы келмейтін адамдар төлеуі тиіс.

«Дәреті ұстамайтын қарттар, жүкті немесе бала емізетін әйелдер, мүгедектігі бар адамдар фидья төлеуге міндеттеледі», — деді ол.

Сонымен қатар ол ислам тарихындағы салық жүйесіне де тоқталды.

«Ислам мемлекеттерінде мұсылман емес халықтан жизья, харадж, ушу сияқты салықтар алынған. Бұл — сол дәуірдегі ислам мемлекетінің қаржылық-экономикалық жүйесінің бір бөлігі болған», — деді желі белсендісі.

Оның пікірінше, мұндай жүйе қазіргі Қазақстанның зайырлы заңдарымен үйлеспейді.

«Біз — зайырлы мемлекетпіз. Сондықтан діни салық жүйесі қазіргі құқықтық нормалармен қуатталмайды», — деп түйіндеді Тортуыл Шоқан.

Related

Құранда мешітке садақа беру жайлы жазылмаған — дінтанушы ғалым · Todayinfo