“Бүгінде қосымша арқылы билет алу өте ыңғайлы. Алайда қауіпсіздік мәселесіне қатысты маңызды бір функцияны қосуды ұсынамын. Қазір қалааралық автобустар мен пойыздарда әйел жолаушылардың бейтаныс ер адамдармен көрші отыруы көптеген қолайсыздықтар мен қауіптер (зорлық, тиісу, мазалау, қысым) тудырады. Осы себепті, билет сатып алу кезінде орын таңдау интерфейсіне жолаушының жынысын (ер/әйел) белгілеу функциясын енгізуді сұраймын”, – деп жазды Ақбота есімді Threads қолданушысы.Бұған дейін Жайдарманшы Дархан Оспановтың “Шәй әңгіме” подкасында “Көз тимесін” командасының мүшесі пойызда бейтаныс қызға тиіскенін айтқан еді. Байназаров бір жолы пойызға мінген кезде түнімен ішімдік ішіп, купеге оралыпты. Сол сәтте өз орнында тыныш қана ұйықтап жатқан қызды көрген. Оның бойжеткенге көзі түсіп, арам ойын жүзеге асыру үшін жанына барып, мойнынан сүймек болыпты. Ал қыз оған қарсылығын білдірген. Бір қызығы жайдарманшы бұл әңгімесін күліп отырып, емін-еркін айтты. Десе де қыздар бұл оқиға жайдарманшыға күлкілі көрінгенімен, қыз бала үшін өмір бойы жалғасатын жан жарасы екенін жеткізді. Сосын олар желіде өз басынан өткен оқиғаларды баяндап берді.
“Студент кезде Ақтөбе-Алматы пойызымен қатынайтын едім. Ағам көпшілікпен жүр деп тек плацкарт вагонға билет алып беретін. Плацкартта әжелермен әңгіме айтып, оларға шай тасып жүретін едік. Бірақ соның өзінде жас жолсерік жігіттің тиіскені бар. Түн ішінде әжетханаға барып келе жатыр едім, өзінің купесіне шақырып бірнәрсе айтып, шашымнан ұстап, сипамақ болды. Қолын қағып жіберіп, итеріп шығып кеттім. Өзі де қорқып кетті. Шамасы мұндай реакция күтпеді-ау”.
“Былтыр жазда Ақтауға пойызбен баратын болып, плацкарттан орын алдым. Орынға келіп жайғасып, сағат 4-5 шамасында апам екеуміз шай ішейін деп бәрін дайындап, әкеліп қойдық. Мен шолақ шалбар киіп алған едім. Бірақ ол тіземді жауып тұр. Бір кезде бөтен еркек қарап отырғанын байқадым. Сосын тіземе орамал жауып қойдым. Сол кезден бастап мазам кетті. Қорқып, түнімен ұйықтай алмадым. Бір көзқарастың өзі адамға үлкен жарақат салады екен-ау”.
Ал бір қыз автобуста харассментке тап болғанын айтты.
“2-курс оқитын кезім. Қысқы демалыстан соң қалаға келу үшін қалааралық автобусқа міндім. Қасыма бір жігіт келіп жайғасты. Автобус жүргізушісінен билет ауыстырып беруін сұрадым. Алайда ауысатын адам жоқ деді. Жолда көз ілмей келе жатырмын. Түннің бір уағында әлгі ер адам санымнан қысып ұстады. Ұйықтап жатып қимылдағандай болып, аяғымды қимылдаттым. Әлгі қолын тартып алды. Содан таң атып, қалаға жеткенше терезеге жабысып отырдым. Қыстың күні, оң қолым терезеге жабысып отырғаннан суыққа қатып, сіресіп қалған. Тілім таңдайыма жабысып, дымымды да шығара алмадым. Айғайласам, өзіңнен де бар деп айтатындай болды. Сол кезде өзімді өмірдегі ең лас адам сезіндім. Өз денемнен өзім жиіркендім. Подкаста әлгі адам қызға жасағанын күні кешегідей аузынан суы құрып айтып отыр ғой. Ал 10 жыл бұрын басымнан өткен оқиға дәл кеше болғандай әлі күнге дейін есімде. Мендегі сезім тек жиіркеніш”, – деп жазды қыз.




