Todayinfo.kz
NewsView all articles

«Адамы көп, маманы жоқ»: «Самұрық-Қазына» ақыл-кеңеске бола шетелдіктерге миллиардтарды аударып келеді

Ұлттық активтерді басқару үшін құрылған қор жыл сайын шетелдік заң компанияларының қызметіне жүздеген миллион теңге бағыттайтыны белгілі болды. Кеңес беру, шетелдік соттарда өкілдік ету, халықаралық арбитраждар – тізім ұзақ, ал сома одан да ұзақ. Тек 2025 жыл мен 2026 жылдың

By Айғаным Нариманова··4 min read
«Адамы көп, маманы жоқ»:  «Самұрық-Қазына» ақыл-кеңеске бола шетелдіктерге миллиардтарды аударып келеді

Ұлттық активтерді басқару үшін құрылған қор жыл сайын шетелдік заң компанияларының қызметіне жүздеген миллион теңге бағыттайтыны белгілі болды. Кеңес беру, шетелдік соттарда өкілдік ету, халықаралық арбитраждар – тізім ұзақ, ал сома одан да ұзақ. Тек 2025 жыл мен 2026 жылдың басында ғана ұлттық әл-ауқат қорының заңгерлік қолдауы бюджетке 1 миллиард 159 миллион теңгеге түскен, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Үнемдеу туралы сөз қозғалған тұста заңды сұрақ туындайды: квазимемлекеттік алпауыттың мүддесін қорғау неге соншалық қымбатқа түседі және қаражат қай шетелдік қалталарға кетіп жатыр?

«Самұрық-Қазына» шетелдік заңгерлерді қалай асырап отыр

Стати ісіне қатысты көпжылдық сот даулары 2023 жылы аяқталғаннан кейін, квазимемлекеттік сектор үшін заңгерлік марафон бәсеңдеуі тиіс сияқты еді. Алайда «Самұрық-Қазынаның» 2025–2026 жылдардағы мемлекеттік сатып алуларына қарасақ, оның өз логикасы мен өз басымдықтары бар.

Қор шетелдік заң компанияларының қызметін тұрақты түрде әрі артық бәсекесіз сатып алуды жалғастырып келеді. Тағы да өзіне үйреншікті «бір көзден алу» тәсілімен. Балама жоқ, қарсылас жоқ, баға ұсыныстарының ашық бәсекесі жоқ.

Мысалы, 2026 жылғы 13 қаңтарда Fieldfisher Worldwide Limited компаниясынан кеңес беру және өкілдік қызметтерін сатып алу туралы шешім бекітілген. Бағасы – 216 миллион теңге (508,91 бағамымен 400 мың доллар). Тұжырымдамасы да жұмсақ әрі жалпылама: халықаралық арбитраждарды ықтимал бастау, шетел юрисдикцияларындағы сот даулары, санкциялық заңнаманы сақтау. Мерзімі – 365 күн. Яғни бір жыл бойы «сақтық үшін» заңгерлік сүйемелдеу.

Жеткізуші – Қазақстанның резиденті емес, сондықтан құрылтайшылары мен бенефициарлары туралы ақпарат ашық емес.

Қызығы, сол күні тағы бір сатып алу болған. Бұл жолы 162 миллион теңге (300 мың доллар) америкалық Curtis, Mallet-Prevost, Colt & Mosle LLP фирмасына шетелдік соттар мен халықаралық арбитраждарда өкілдік ету үшін кетеді. Тағы да сатып алу тәсілі – «бір көзден». Бұл – бір күнде бекітілген екі келісімшарт қана.

Егер 2026 жыл «Самұрық-Қазына» үшін шетелдік заңгерлерге жүздеген миллион теңгелік келісімшарттармен басталса, 2025 жыл да құжаттарға қарағанда сол бағытта өткен – тұрақтылық белгісімен. Сатып алу тәсіліндегі тұрақтылық және қаражат алушылардың өзгермеуімен.

Мәселен, 2025 жылғы 24 желтоқсанда қор тағы бір келісімшартты бекітеді – 162 миллион теңгеге. Тағы да «шетелдік соттар мен халықаралық арбитраждардағы өкілдік қызметтер, сондай-ақ шетелдік санкциялық заңнаманы сақтау». Сатып алу тәсілі – тағы да «бір көзден», ал жеткізуші – Squire Patton Boggs US LLP.

Одан сәл бұрын, 2025 жылғы 21 қазанда Latham & Watkins (London) LLP компаниясынан 205 824 000 теңгеге кеңес беру қызметтерін сатып алу туралы шешім қабылданады. Келісімшарт бір жылға жасалған және, әрине, конкурссыз рәсімделген.

Ал 2025 жылғы 31 қаңтарды заңгерлік жомарттық күні деуге болады. Бір күннің ішінде қор бірден бірнеше келісімшарт рәсімдейді: • 115 млн теңге – Reed Smith LLP (2025 жылғы қаңтар–желтоқсан), бір көзден; • 184 млн теңге – Curtis, Mallet-Prevost, Colt & Mosle LLP (сол мерзім), бір көзден; • 115 млн теңге – Fieldfisher LLP (қаңтар–желтоқсан 2025 жыл), бір көзден.

Яғни қаңтардың бір күнінде ғана – шетелдік компаниялардың заңгерлік кеңесіне шамамен 414 миллион теңге. Сауда-саттықсыз, бәсекесіз, балама ұсыныстарсыз.

Егер 2025 жылғы келісімшарттарды қоссақ, сома жүздеген миллионға жетіп, миллиардқа таяйды. Ал 2026 жылғы шешімдерді қоссаңыз, бұл жекелеген жағдай емес, жүйелі үрдіс екені көрінеді.

Ал атышулы Стати ісі 2023 жылы-ақ аяқталған. Формалды түрде ең ірі заңгерлік майдан жабылды. Бірақ көріп отырғанымыздай, шетелдік заң фирмаларына жұмсалатын шығын азаймақ түгілі, жыл сайынғы қалыпты тәжірибеге айналып барады. Халықаралық арбитраждар мен ықтимал даулар тұрақты келісімшарттарға тұрақты негіз болып кеткендей әсер қалдырады. Қор шексіз заңгерлік қоршау режимінде өмір сүріп жатқандай.

Мәселе заңгерлердің трансұлттық дауларда қажет екенінде емес – ол анық. Мәселе басқа: неге бұл сатып алулардың барлығы дерлік «бір көзден» жүргізіледі? Неге жыл сайын жүздеген миллион теңге бәсекесіз үлестіріледі? Ұлттық мүддені қорғау мен ыңғайлы түрде тұрақты көпмиллиондық келісімшарттар жасаудың арасы қай жерде?

Өткен жылы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінде де 2021–2024 жылдар аралығында «Самұрық-Қазынада» «бір көзден» алу тәсілімен жүргізілген сатып алулардың үлесі 14%-дан 60%-ға дейін өскені, яғни төрт еседен астам артқаны айтылған. Бұған қоса, былтырғы аудит қорда 351,8 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықтады. Сондай-ақ аудиторлар 122,2 млрд теңге көлемінде тиімсіз жоспарлау мен қаражат жұмсау белгілерін көрсеткен.

Жалпы, ұлттық қор жылдар бойы осындай көлемде шетелдік құқықтық қолдауға ақы төлеп отырса, бұл жай ғана заңгерлік қажеттілік болудан қалады. Бұл – қаржылық саясатқа айналады. Және өте қымбат саясатқа.

Өйткені парадокс мынада: ел активтерін тиімді басқару үшін құрылған ұлттық әл-ауқат қоры бір ғана мәселеде – шетелдік кеңесшілермен жасалатын көпмиллиондық келісімшарттарда – таңғаларлық тұрақтылық көрсетіп отыр. Тағы қанша миллиард «қорғауға» кетеді және түптің түбінде салық төлеушіні осы шығындардан кім қорғайды?

Related

«Адамы көп, маманы жоқ»: «Самұрық-Қазына» ақыл-кеңеске бола шетелдіктерге миллиардтарды аударып келеді · Todayinfo