Шымкентте көшеде келе жатқан әйел адамға пышақпен шабуыл жасалып, ол алған жарақатынан қаза тапты. Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Заңгер Айгүл Орынбектің айтуынша, қылмысқа Ақтөбе қаласынан келген ер адам күдікті ретінде ұсталған. Қазіргі таңда оның бұл әрекетке не себепті барғаны анықталып жатыр.
Күдікті алдымен бір әйелге шабуыл жасаған. Кейін тағы бір қызға пышақ ала жүгіріп, одан соң полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен. Осы сәтте құқық қорғау органдары қызметтік қару қолданып, күдіктіні аяғынан атып, дер кезінде залалсыздандырған.
Оқиға кезінде полиция қызметкерлері Абай Байжанов пен Азамат Нарбаевтың жедел әрекет етуі арқылы басқа адамдардың өмірі сақталып қалды.
Айгүл Орынбек бұл жағдай жан-жақты тексерілуі тиіс екенін айтып, құқық қорғау органдары күдіктінің Шымкентке келу мақсатын және қылмысқа итермелеген себептерді анықтауы қажет екенін жеткізді.
Қала тұрғындарына қоғамдық орындарда сақ болуға шақыру жасалды. Күдікті адамдарды байқаса, бірден 102нөміріне хабарлау қажеттігі ескертілді.
Мамандардың пікірінше, мұндай қылмыстар қоғамда үрей тудырып, тұрақтылықты шайқауға бағытталуы мүмкін. Сондықтан құқық қорғау органдарының жедел әрі кәсіби әрекеті — қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты кепілі.
Полиция қызметкерлерінің батыл әрекеті көпшіліктің ризашылығына ие болды. Қоғам белсенділері олардың ерлігін атап өтіп, қауіпсіздік жолындағы қызметін жоғары бағалады.




