Фото: masa.media
Ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьев Украинаға қарсы басталған соғыстың логикасын Ресейге жақын аймақтарға, соның ішінде Орталық Азия елдеріне де қолдану қажет деген пікір білдірді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, Ресей үшін алыстағы мемлекеттерден гөрі өзіне геосаяси тұрғыда жақын өңірлер әлдеқайда маңызды. Соловьев Сирия немесе Венесуэладағы жағдайлардан гөрі Армения мен Орталық Азиядағы ахуалдың Ресейдің ұлттық мүддесіне тікелей әсер ететінін атап өтті.
Соловьев Арменияны жоғалту Ресей үшін ауқымды геосаяси мәселе екенін айтып, Орталық Азиядағы тұрақсыздық та Мәскеу үшін үлкен қатерге айналуы мүмкін екенін алға тартты.
Ол сондай-ақ Украина аумағында «ұлттық қауіпсіздік» уәжімен әскери операция жүргізілген болса, дәл осы негізбен Ресейдің ықпал ету аймақтарында да осындай әрекеттер жасауға болады деген пікір айтты.
Тележүргізуші халықаралық құқық пен халықаралық тәртіп факторлары екінші кезекте тұруы мүмкін екенін меңзеп, Ресейге өзінің ықпал ету аймақтарын нақты көрсететін жаңа ұлттық доктрина қажет екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай құжат Ресейдің стратегиялық мақсаттарын айқын көрсетуі тиіс.




