Шардара ауданында су ресурстарын тиімді пайдалану, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және көктемгі дала жұмыстарының барысы бойынша мәжіліс өтті.

Жиын облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің ауданға жұмыс сапары аясында ұйымдастырылып, ауданның 2026 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, су шаруашылығы саласындағы ахуал, көктемгі егіс науқаны, су үнемдеу технологияларын енгізу және инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысы жан-жақты талқыланды. Мәжіліске Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бердешов Жұмасұлтан, ауыл әкімдері мен ірі шаруа қожалық иелері қатысты.

IMG_5350.jpeg

Жиында аудан аумағында су үнемдеу технологиясын енгізу барысы баяндалды. 2026 жылы 8 мың гектарды су үнемдеу әдісімен игеру жоспарланып, бүгінгі күнге дейін 7 959,3 гектар алқап қамтылғаны айтылды. Аталған жұмыстарды «КазКиоти», «Нөсер», «Жәрдем АС», «Казкрахмал» және «Агротехкредит» компаниялары жүзеге асыруда.

Көктемгі егіс жұмыстары бойынша ауданда биыл 58 мың гектар егіс алқабын игеру жоспарланған. Негізгі дақылдардың қатарында мақта, жүгері, күріш және жоңышқа бар. Қазіргі таңда мақта, жүгері және бақша дақылдарын егу жоспарға сәйкес жүргізілуде.

IMG_5349.jpeg

Ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында шаруалар 2 630 тонна дизель отынымен, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ «Кең дала» бағдарламасы аясында 253 шаруашылыққа жалпы 2,31 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген.

Мәжілісте су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты күріш егісінің көлемі қысқартылып, оның орнына су аз қажет ететін жүгері дақылының көлемі ұлғайтылып жатқаны айтылды. Шаруашылықтар «Қазсушар» РМК-мен тиісті келісім-шарттар жасаған.

IMG_5348.jpeg

Су шаруашылығы саласындағы ахуал бойынша Шардара су қоймасындағы су көлемі 5 132 млн текше метрді құрап, өткен жылмен салыстырғанда артқаны мәлімделді. Су келуі мен шығуы белгіленген режимге сәйкес реттеліп, ауданға бекітілген су лимиті 964,7 млн текше метрді құрап отыр.

Жиында зиянкестерге қарсы фитосанитарлық шаралардың барысы да қаралды. Ауданда 36 800 гектар жер зерттеліп, анықталған ошақтарда шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілгені айтылды.

Ислам даму банкінің қаржыландыруымен аудан аумағындағы 8 канал қайта жаңғыртылуда. Нәтижесінде қосымша 910 гектар суармалы жер айналымға енгізіледі деп күтілуде.

Жиын қорытындысында су ресурстарын тиімді пайдалану, егіс құрылымын әртараптандыру және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру қажеттігі ескертілді. Жауапты сала басшылары мен мердігер ұйымдарға нақты тапсырмалар жүктелді.