Жазушы әрі баспагер Елдос Тоқтарбай Қазақстан Жазушылар одағы (ҚЖО) жанындағы Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің төрағасы қызметінен алынғанын хабарлады. Оның айтуынша, мұндай шешім Тіл мәселесіне қатысты жазбаларына байланысты қабылданған, деп хабарлайды Todayi
Жазушы әрі баспагер Елдос Тоқтарбай Қазақстан Жазушылар одағы (ҚЖО) жанындағы Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің төрағасы қызметінен алынғанын хабарлады. Оның айтуынша, мұндай шешім Тіл мәселесіне қатысты жазбаларына байланысты қабылданған, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Баспагердің сөзінше, бұл шешім сапарда жүрген кезінде қабылданыпты. Ол ҚЖО төрағасы Мереке Құлкеновтің кеңес төрағасы қызметінен босату туралы шешім шығарғанын, сондай-ақ кеңестегі екі әріптесіне де «орнын босатсын» деген нұсқау берілгенін жазды.
«Екі аптадай елден жырақ, сапарда жүргенімде, мені ҚЖО Төрағасы Мереке аға Құлкенов Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің төрағасы қызметінен ТІЛ туралы жазған жазбаларым үшін алып тастапты. Кеңестегі екі әріптесіме “Орнын босатсын!” деп әмір беріпті», – деп жазды ол.
Елдос Тоқтарбай бұл қызметтің қоғамдық негізде, ақысыз атқарылғанын атап өтті.
«Анығында, бұл - қоғамдық қызмет, яки бір тиын алмайтын ақысыз-пұлсыз жұмыс», – деді ол.
Жазушының айтуынша, оның басты мақсаты лауазым емес, ұлттық балалар әдебиетінің беделін көтеру болған. Ол кеңес жұмысына белсенді кірісіп, бірқатар жобаны іске асырғанын атап өтті.
«Менің көздегенім - қызмет емес еді, ұлттық балалар әдебиетінің беделін көтеріп, кеңес жұмысын жандандырып, бүкіл қазақ балалар жазушыларының жоқтаушысы, қорғаушысы болсам деген ақ ниетім ғана болған-тын», – деді ол.
Автор бес айдың ішінде кеңес аясында бірқатар нақты жұмыс атқарылғанын жазды. Атап айтқанда, ұмыт қалған балалар жазушыларын түгендеу, өмірден өткен қаламгерлерді ұлықтау, бірнеше кітап сериясын іске қосу, барлығы тоғыз кітап шығару және тағы жеті кітапты баспаға дайындау қолға алынған.
Сонымен қатар, оның мәліметінше, еліміз бойынша балалар тақырыбында қалам тербейтін 117 жазушы біріктіріліп, ортақ әдеби база жасалған.