Трамп Венесуэлаға әскер кіргізді: әлемдік саясат енді қалай өзгереді?
АҚШ президенті Дональд Трамптың Венесуэлаға күтпеген жерден әскери операция бастап, Николас Мадуроны биліктен шеттетуі күллі әлемді дүр сілкіндірді. Вашингтон мен Каракас арасындағы жылдарға созылған текетірес санаулы сағатта шешілгенімен, бұл оқиға жаңа геосаяси сұрақтарды туындатып отыр.
Бұл шешім Латын Америкасына ғана емес, Ресей, Қытай және әлемдік энергетика нарығына қалай әсер етеді? Politico басылымына сұхбат берген 13 жетекші сарапшы жағдайдың алдағы даму сценарийін болжады. Бұл болжамды Todayinfo агенттігі сіздерге қазақ тілінде ұсыныс отыр.
«Авторитарлар осі» және Қытайдың жауабы
Сарапшылардың пікірінше, Трамптың бұл қадамы – АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында көрсетілген «Батыс жартышарды тазалау» жоспарының нақты көрінісі. CSIS бағдарламасының директоры Райан Бергтің айтуынша, операцияның Қытай арнайы өкілінің Мадуромен кездесуінен кейін бірнеше сағат өткен соң басталуы Бейжіңге айқын сигнал болды.
Бұл жағдай «авторитарлық осьтің» (Ресей, Қытай, Иран) бейбіт уақытта ғана мықты екенін, ал нақты қауіп төнгенде одақтастарын қорғай алмайтынын көрсетті.
Дегенмен, мұның кері әсері де болуы мүмкін. Cato институтының сарапшысы Джастин Логанның болжауынша, енді Қытай дәл осы сценарийді пайдаланып, Тайвань көшбасшыларына «қылмыстық іс» қозғап, оны басып алуға заңды негіз ретінде қолдануы ғажап емес.
Венесуэла мұнайы және Қазақстанға әсері
Венесуэладағы билік ауысуының ең маңызды факторы – мұнай. Браун университетінің ғылыми қызметкері Стивен Кинзердің айтуынша, Трамп Венесуэла мұнайын «үлкен олжа» ретінде қарастырады.
АҚШ-тың мақсаты – Ресей мен Иран мұнайынан бас тартқан елдерге балама ретінде Венесуэла шикізатын ұсыну. Бұл стратегия жүзеге асса, Кубаның экономикалық тірегі жойылып, саяси жүйесі құлауы мүмкін.
Қазақстан үшін бұл несімен маңызды?
-
Мұнай бағасы: Rapidan Energy Group басшысы Боб МакНаллидің айтуынша, қысқа мерзімде нарыққа қатты әсер етпейді. Бірақ ұзақ мерзімде Венесуэланың орасан зор қоры әлемдік нарыққа шықса, мұнай бағасының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Бұл шикізатқа тәуелді Қазақстан бюджеті үшін жағымсыз жаңалық болуы ықтимал.
-
Инвестициялық климат: Энергетикалық сарапшы Диего Ривера Ривота Венесуэланың мұнай өндірісін қалпына келтіру үшін кемінде ондаған жыл және миллиардтаған инвестиция қажет екенін ескертеді. Сондықтан нарықтағы дүрбелең әзірге орынсыз.
«Жаңа Ауғанстан» қаупі бар ма?
Трамп әкімшілігі Венесуэланы демократиялық транзитке дейін АҚШ басқаратынын мәлімдеді. Алайда көптеген дипломаттар мен сарапшылар мұның соңы Ирак немесе Ауғанстан сценарийіне ұласуы мүмкін деп қауіптенеді.
Бұрынғы дипломат Райан Крокер: «Мадуро кетті, бірақ режим қалды. Егер бұл операция партизандық соғысқа ұласса, АҚШ ұзақ жылға созылатын батпаққа кіруі мүмкін», – деп ескертеді. Сонымен қатар, Латын Америкасы елдері Вашингтонның мұндай өктемдігінен кейін Қытаймен жақындасуды күшейтуі ғажап емес.




