Егер баспаналы болуды армандап, бірақ бағаның шарықтап тұрғанынан қорқып жүрсеңіз, сәл күте тұрған жөн сияқты. Сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығында үлкен өзгерістер болмақ, деп жазады Todayinfo порталы.
Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мүсірепов қуанышты жаңалықпен бөлісті: алдағы уақытта үй бағасы айтарлықтай төмендеуі мүмкін. Бұл әсіресе ипотекалық мөлшерлемелер мен пәтер құнының тым жоғары болуынан шаршаған қарапайым халық үшін маңызды сигнал.
Баға неге құлдырайды?
Сарапшының айтуынша, қазір нарықта «көбік» пайда болған. Баға бар, бірақ оны сатып алатын адам жоқ. Негізгі себептер мыналар:
-
Халықтың төлем қабілетінің төмендеуі;
-
Табыстың өспеуі (инфляцияны ескергенде);
-
Банктердегі жоғары пайыздық мөлшерлемелер.
Осының салдарынан 2025 жылдың күзінен бастап үй сату-сатып алу келісімшарттары күрт азайған. Сатушы көп, алушы аз. Бұл – нарық заңы бойынша бағаның түсуіне алып келетін тікелей жол.
Нақты қаншаға арзандайды?
Болжам бойынша, өзгеріс 2026 жылдың басында сезіле бастайды.
Ермек Мүсірепов нақты сандарды да келтірді:
-
Жаңа салынған үйлер (первичное жилье): Бағасы шамамен 15%-ға төмендеуі мүмкін;
-
Ескі үйлер (вторичное жилье): Бағасы 20%-ға дейін арзандауы ғажап емес.
«Қазір алыпсатарлар бағаны қолдан өсіріп отыр, бірақ сұраныс жоқ. Сатылмаған пәтерлер көбейіп жатыр. Сондықтан баға нақты жағдайға бейімделуге мәжбүр болады», – дейді сарапшы.
Қазіргі "сұмдық" бағалар
Қазіргі уақытта (2025 жылдың желтоқсаны) нарықтағы жағдай мүлде басқаша. Алматы мен Астанада баға шарықтап тұр:
-
Алматыда: Шаршы метрі орта есеппен 800 мың теңгеден асты;
-
Астанада: Бизнес-кластағы үйлердің шаршы метрі 1,3 – 1,5 миллион теңгеге дейін жеткен.
Дегенмен, сарапшылар бұл "қымбатшылықтың" ұзаққа созылмайтынын, нарықтың суып, бағаның қалпына келетінін алға тартады.




