Todayinfo.kz
NewsView all articles

Виктория Рощинаның өлімі: Ресейде азапталған украиналық журналистің денесі еліне жеткізілді

Украиналық тәуелсіз журналист Виктория Рощина Ресейдің Украинаға басып кіруі басталғаннан бері соғысқа қатысты деректерді белсенді жариялап жүрген болатын. Алайда 2023 жылдың тамызында Мариупольге сапар шеккеннен кейін журналист хабар-ошарсыз жоғалып кетті. Бұл туралы Todayinfo а

By Айғаным Нариманова··2 min read
Виктория Рощинаның өлімі: Ресейде азапталған украиналық журналистің денесі еліне жеткізілді
Украиналық тәуелсіз журналист Виктория Рощина Ресейдің Украинаға басып кіруі басталғаннан бері соғысқа қатысты деректерді белсенді жариялап жүрген болатын. Алайда 2023 жылдың тамызында Мариупольге сапар шеккеннен кейін журналист хабар-ошарсыз жоғалып кетті. Бұл туралы Todayinfo ақпарат агенттігі хабарлайды. Арада бір жыл өткенде, 2024 жылғы мамырда, Ресей Қорғаныс министрлігі оның ұсталғанын және Ресей аумағында екенін ресми түрде растады. Сол жылдың қазан айында, Викторияның ата-анасына оның қаза тапқаны туралы қаралы хабар жетті. Ресми дерекке сәйкес, ол Таганрогтан Мәскеуге этаппен жеткізу кезінде қайтыс болған. Алайда тұтқындардың айтуынша, оның денсаулығы тым нашарлаған, салмағы небәрі 30 келіге дейін түскен, ал денесінде электр тогымен азаптаудың және пышақ ізі тәрізді жаралардың белгілері болған. 2025 жылдың ақпан айында, Викторияның мәйіті Украинаға қайтарылған. Винницадағы мәйітханаға жеткізілген дене қатты мұздатылған, әрі кахексия – ауыр әлсіреу мен ашығу белгілері анықталған. Аяғына тағылған биркада "7390 Рощина В.В." деп жазылған. Сот-медициналық сараптама денесінде көптеген жарақат, қабырға сынықтары, көгерген жерлер және тұншығу белгілері бар екенін растаған. Сонымен қатар, тіласты сүйегі сынған, ал миы, көмейі және көз алмалары жоқ болып шыққан. Сарапшылардың бірі бұл жағдайды қылмыстық әрекеттің ізін жасыру деп бағалады. Себебі бұл мүшелер тұншығып қайтыс болу белгілерін дәлелдейтін басты айғақтар болып табылады. Бірқатар дереккөзге сүйенсек, Ресей украиналық тұтқындардың денесін ағзасыз қайтаруды әдейі қолдануы мүмкін. Ресей тарапы бұл жағдайды "мәйіттермен жұмыс істеудің" бөлігі ретінде түсіндіреді. Украина Бас прокуратурасының өкілі Юрий Белоусовтың айтуынша, өлім себебі нақты анықталмаған. Мәйіттің күйі және тиісті құжаттардың жоқтығы тергеуге елеулі кедергі келтіріп отыр. Марқұмның әкесі Владимир Рощин қызының тағдырын анықтау үшін Ресей мекемелеріне бірнеше рет ресми сұрау жолдағанымен, ешқандай нақты жауап ала алмаған. Бұл жағдай тек Украина емес, халықаралық журналистік қауымдастық пен құқық қорғау ұйымдарының да назарын аударуы тиіс. Виктория Рощинаның өлімі – соғыс жағдайындағы журналистердің қауіпсіздігі, адам құқықтарының сақталуы және тұтқындармен қарым-қатынас мәселесін қайта көтереді.  

Related

Виктория Рощинаның өлімі: Ресейде азапталған украиналық журналистің денесі еліне жеткізілді · Todayinfo