Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2026 жылға арналған зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шектерін қайта есептеді. Нәтижесінде көптеген азаматтар үшін мерзімінен бұрын пайдалануға болатын жинақ көлемі азайды.
Ең төменгі жеткіліктілік шегі – болашақта зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету үшін азаматтың жеке зейнетақы шотында қалуы тиіс қаражаттың ең аз мөлшері. Осы сомадан асатын қаржыны қазақстандықтар тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе медициналық мақсаттарға жұмсай алады.
Жаңартылған мәліметтерге сәйкес, 20–29 жас аралығындағы азаматтар үшін жеткіліктілік шегі 6,67 млн теңгеден 9,42 млн теңгеге дейін белгіленген. Атап айтқанда, 20 жастағы азаматтарға – 6,67 млн теңге, 25 жастағыларға – 8,15 млн теңге, ал 29 жастағыларға – 9,42 млн теңге қажет.
30–39 жас санатында бұл көрсеткіш 9,75 млн теңгеден 12,98 млн теңгеге дейін өзгереді. Мысалы, 30 жастағылар үшін шек 9,75 млн теңге болса, 35 жаста – 11,49 млн теңге, 39 жаста – 12,98 млн теңге көлемінде бекітілген.
40–49 жас аралығындағы азаматтар үшін жеткіліктілік шегі 13,37 млн теңгеден 17,14 млн теңгеге дейін жетеді. Ал 50–62 жас аралығындағы тұрғындар үшін бұл көрсеткіш 17,59 млн теңгеден 23,57 млн теңгеге дейін өседі.
Азаматтар өздерінің жинақ көлемін және жеткіліктілік шегінен асатын қаражат мөлшерін БЖЗҚ-ның жеке кабинеті немесе электронды сервистері арқылы тексере алады.
Еске сала кетейік, жеткіліктілік шегінен асқан қаражатты тұрғын үй сатып алу, ипотекалық несиені өтеу және медициналық қызметтердің ақысын төлеу мақсатында пайдалануға мүмкіндік бар.




