Todayinfo.kz
ОқиғаларView all articles

Жамбыл облысында пойыз жылқыны қағып кетті: келтірілген шығынды иесі өтейді

Теміржолға қараусыз шыққан малдың иесіне әкімшілік шара қолданылды

By Айдар Керім··1 min read
Жамбыл облысында пойыз жылқыны қағып кетті: келтірілген шығынды иесі өтейді
📷 Фото: NEGE.kz

Жамбыл облысында жолаушылар пойызы қағып кеткен жылқының иесі бүлінген локомотив үшін 531 мың теңгеден астам шығынды өтеуге міндеттелді, деп хабарлайды Todayinfo.kz.

Материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық істі Шу аудандық соты қарады.

Сот анықтағандай, 2025 жылдың қараша айында түнгі уақытта Отар – Шу теміржол учаскесінде жолаушылар пойызы жолға кенеттен жүгіріп шыққан жылқыны қағып кеткен. Машинист шұғыл тежегішті басып, дыбыстық белгі бергенімен, соқтығысудың алдын алу мүмкін болмаған.

Оқиға салдарынан электровоз механикалық зақым алып, жөндеуге жіберілген. Қалпына келтіру жұмыстарының құны 531 мың теңгені құраған.

Тексеру барысында жануардың иесі анықталды. Белгілі болғандай, ол бұған дейін де теміржол маңында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Іс материалдарын зерделеген сот теміржолдағы оқиға мен локомотивтің бүлінуіне мал жаю қағидаларын бұзу себеп болған деген қорытындыға келді.

Сот шешімімен жылқы иесінен 531 мың теңге көлемінде материалдық шығын, сондай-ақ «К.» ЖШС пайдасына мемлекеттік баж өндірілді.

Қазіргі уақытта сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тетіктерді нығайтуға, құқық бұзушылыққа мүлде төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға және заңды бұлжытпай сақтау ұлттық бірегейліктің негізіне айналатын қоғам құруға бағытталған негізгі саяси қағидаты.

Related