Жетісу облысында көптен көмек сұраған көпбалалы анаға әкімдік тарапынан баспана берілмек, деп хабарлайды Todayinfo . Самал Болдыбаеваға ауыл әкімдігі уақытша тұру үшін екі үй ұсынды. Психологиялық ауытқуы бар шешесімен және бірнеше баласымен бірге тұратын Самал Болдыбаева жиырма
Жетісу облысында көптен көмек сұраған көпбалалы анаға әкімдік тарапынан баспана берілмек, деп хабарлайды
Todayinfo.
Самал Болдыбаеваға ауыл әкімдігі уақытша тұру үшін екі үй ұсынды. Психологиялық ауытқуы бар шешесімен және бірнеше баласымен бірге тұратын Самал Болдыбаева жиырма жылдан бері пәтер жалдап шаршағанын, балаларын асырай алмай, жартысын интернатқа өткізіп жібергенін айқан еді. Жағдайға бірден көңіл аударған Жетісу облысының әкімдігі ресми мәлімдеме таратты.
«Аталған видеода көтерілген мәселелер бойынша Болдыбаева Самал Альмисовна Ескелді ауданы, Алдабергенов ауылдық округі әкімдігіне шақырылып, жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әлеуметтік жағдайын ескере отырып, азаматшаға Алдабергенов ауылындағы Бақтыбай көшесі №54 үй және Сырымбет ауылындағы тұрғын үй уақытша тұру үшін ұсынылды. Болдыбаева С.А. бұл ұсыныстарды қарастырып, жақын арада шешімін хабарлайтынын айтты», — делінген хабарламада.
Болдыбаева Самал Альмисовна 44 жаста, 6 баланың анасы. 2022 жылдың мамыр айында отбасы Алдабергенов ауылына көшіп келген.
«Балаларының бірі - Динара тұрмыс құрған, Талдықорған қаласында тұрады. Үлкен ұлы Арын жұмыс істейді, бөлек тұрады. Елдар Көксу ауыл шаруашылық колледжінде оқиды, ал Ернұр мен Диляра Талдықорған қаласындағы мектеп-интернатта білім алуда.
Азаматша Болдыбаева С.А. өзімен бірге 2021 жылы туған қызы Аяла, азаматтық некедегі күйеуі Кожаназаров Ануар және анасымен бірге тұрады. 2022 жылы желтоқсан айында құжаттарын өткізіп, «Күміс алқа» мемлекеттік наградасын алды.
Ауылдық округ әкімдігі тарапынан және демеушілер көмегімен азық-түлік, көмір, отын түріндегі әлеуметтік көмек бірнеше мәрте көрсетілді. 2024 жылы «Фарма Ленд» ЖШС-не тұрақты жұмысқа орналастырылды және бүгінгі күні сол мекемеде жұмысын жалғастыруда.
Сонымен қатар, 2023 жылдың 30 наурызында тұрғын үй алу кезегіне тіркеліп, қазіргі уақытта №234 болып тұр», — деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Ал, көптен көмек сұраған ана, әкімдіктен бүгін кешірім сұрады.
«Әкімдікке бүгін шақырды, бірнеше вариант ұсынды. Ойланып, жауабын айтам. Қатты ашумен айттым, өйткені әбден пәтер жалдап, ауру шешеммен бірге шаршадым. Суайт деп айтқаным рас, ғафу өтінем, менің басымдағы жағдай қиын. Ауыл әкімі кездесті, уақытша пәтер тауып беретін болды», — деді жетісулық көпбалалы ана.