АҚШ генералдары Иранмен соғыстың қиындықтарын мойындады. Сарапшылар Вашингтонның жеңіске жетуіне күмән келтіріп отыр.
CNN телеарнасының тікелей эфирінде АҚШ генералдары Иранға қарсы ықтимал соғыстың күрделі тұстарын талқылап, Вашингтонның айтарлықтай қиындықтарға тап болғанын мойындады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Әскери сарапшылардың айтуынша, АҚШ Әуе күштері өз міндеттерін мінсіз атқарып жатқанымен, Теңіз флотының жағдайы мүлдем басқа. Географиялық ерекшеліктер мен Иранның ассиметриялық соғыс жүргізудегі шеберлігі АҚШ үшін үлкен кедергіге айналған. Тегеран әлемдік экономиканың күретамыры саналатын Ормуз бұғазын бұғаттау арқылы АҚШ пен оның одақтастарын тығырыққа тіреді.
Бұл бұғаз арқылы мұнай және басқа да маңызды тауарлар тасымалының қауіпсіздігіне кепілдік беру – соғыста жеңіске жетудің басты шарты. Алайда қазіргі таңда АҚШ-тың бұл сенімді жалғыз өзі қамтамасыз етуге күші жетпейді. Ол үшін Батыс елдерінің біріккен коалициясы және құрлықта әскери операциялар жүргізу қажет, бірақ мұндай қадамның нәтижесін болжау қиын.
Бұл жағдайға қатысты саясаттанушы Дулат Бакишев өз пікірін білдірді.
"Иран өзі жеңілмесе, енді оны АҚШ пен Израиль жеңе алмайтын сияқты. Кеше Әли Лариджани мен биліктегі бірнеше тұлға өлтірілді. Бірақ Тегеран мұның билік тұрақтылығына әсерін толық жоққа шығарды", - дейді сарапшы.
Оның пайымдауынша, бұл соғыс тек келіссөздер арқылы аяқталуы тиіс, себебі Иран тарапынан капитуляция болмайды. Соғыс созылған сайын АҚШ-тың әлемдегі беделіне нұқсан келеді.
"Барған сайын Тегеран соққылары Израильге де тие бастады. Жағдай мәз емес. Израиль – Иранға қарағанда шағын ел. Егер қауіпсіздік болмаса, болашақта халық тұрақтамай, басқа жаққа көшуі ықтимал. Яғни, елдің әлеуеті мен дамуына кері әсер етеді", - деп атап өтті Бакишев.
Саясаттанушы соғысты тез арада тоқтату қажет екенін, бірақ бұл оңайға соқпайтынын айтады.
"Түбінде Иранның негізгі талаптарын қабылдауға тура келеді. Меніңше, солай", - деп қорытындылады ол.
Фото: Әлеуметтік желіден