Қобызбен адам емдейтін Таңшолпан Ұзақова судьяның сыртынан оқып, «дуалап» тастаған, деп хабарлайды Todayinfo.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеода емші соттылық бойынша көмек сұраған әйелдің мәселесін бір күнде шешіп тастағанын айтқан. Оқиға Шымкентте болған. Ал жауапқа тартылған әйелдің қарсыластары сот кезінде бетіне қарай алмаған.
Оған жүгінген әйел сотта болған оқиғаны баяндап, судьяның жұмсарып қалғанын айтты.«Үш күн бұрын сот жайлы проблемамен келді. Өзінің аяғы ауыр, өте тығыз шаруа деді. Бір күннің ішінде бүкіл жұмысты тастап осыған кіріскен болатынмын. Бүгін нәтижесін айтып отыр», - деді Таңшолпан Ұзақова.
Шымкенттік емші интернет арқылы да қабылдайды екен. Оның бір сеансы 5 мың теңге тұрады.«21 мамырда сот болды. Сотта маған қарсы адамдарды тіпті танымай қалдым. Үндері өшіп қалған. Соттың өзі маған тіке қарай алмай қалды. Адвокаттар жақтап, жақсы жағынан шешілді. Енді 29-да тағы бір сот болады. Ақталып шығамыз, рахмет сізге», - деді ол.




