Діни басқарма бұл шешімді діни сенімді немесе жеке таңдауды шектеу емес, ең алдымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігінен туған шара деп түсіндірді.
ҚМДБ өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда әлемнің көптеген елдері, соның ішінде мұсылман мемлекеттері де, қауіпсіздік мақсатында осындай шектеулер енгізіп отыр. Діни басқарма Құран аяттары мен хадистерге сүйене отырып, әйелдерге бет-әлпетін толық жабу міндеттелмегенін еске салды. Бұл талап қазақ халқының дәстүрінде де кездеспейді.- Сол өзгерістердің бірі – қоғамдық орындарда бет-әлпетті толық жабатын киімді (соның ішінде никаб) киюге тыйым салу. Бұл шешім ешқандай діни сенімге немесе жеке таңдау еркіндігіне қарсы бағытталмаған. Ең алдымен, бұл – қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шара, – деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметі.
Бет-әлпетті толық жабатын киімді қоғамдық орындарда киюге тыйым салатын заңға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың 30 маусымында қол қойды.- Біз еліміздегі мұсылмандардың біртұтас діни қауымдастығы ретінде қоғамдағы тұрақтылық, ынтымақ пен бірлікті басты құндылықтарымыздың бірі деп санаймыз. Ислам діні де қоғаммен жарасымды өмір сүруді, тәртіпке бағынуды және ел ішіндегі бейбітшілікті сақтауды насихаттайды. Сондықтан заңға түсіністікпен қарап, ел бірлігін нығайту жолында ортақ жауапкершілік танытайық, – делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.




