Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, борышкерлерге қатысты қолданылатын ең соңғы шара – әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту. Алайда бұл тәсіл алимент төлемеу мәселесін толық шешпейді.«Алимент өндіру кезінде негізгі қиындықтар – борышкердің тұрақты табысының немесе мүлкінің болмауы, кейде табысты әдейі жасыруы. Жұмыссыз борышкерлерді жұмысқа орналастыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2024 жылы 6 232 борышкер жұмысқа орналасқан», – деді министр.
Министр балалардың құқығын қорғау және отбасы институтын нығайту үшін мемлекеттік органдар тарапынан кешенді жұмыс жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.«Балаларын асырауға ниеттің болмауы – бұл отбасы-неке қатынастарының дағдарысы. Мұны былтырғы ажырасу көрсеткіші дәлелдейді: 2023 жылы 61 080 неке бұзылған, бұл – тіркелген 124 774 некенің жартысына жуығы», – деді министр.
«Алимент төлемдерін өндіру министрліктің ерекше бақылауында. Бірақ мәселені шешу үшін заңнамадан бөлек, әлеуметтік саясатты да жетілдіруіміз қажет», – деп қорытындылады Ерлан Сәрсембаев.




