Саясаттанушы Дулат Бәкішев АҚШ-тың Иранға қарсы соғысқа дұрыс дайындалмағанын айтты. Оның болжамынша, Тегеран америкалық кемелерді оңай батыруы мүмкін.
Саясаттанушы Дулат Бәкішев АҚШ пен Иран арасындағы ықтимал әскери қақтығысты талдап, Вашингтонның ұазққа созылған соғысқа дайын болмай шыққанын мәлімдеді. Оның пікірінше, Тегеран заманауи ассиметриялық соғысқа әлдеқайда жақсы әзірленген. Ал қысқа мерзімді соғыспен істі бітірпек болған АҚШ әбден қателесті, деп саралайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Сарапшының айтуынша, АҚШ пен Израиль «өткен ғасырдың соғысына» дайындалса, Иран Саддам Хусейннің тағдырынан сабақ алып, басқару жүйесін түбегейлі өзгерткен. Бұл Вашингтон үшін нағыз тосынсый болды.
"Олар басқаруды 30-40 дербес бөлімге бөліп, соғысты жалғастыра алу қабілетін қалыптастырған. Аятолла өлсе де, ел мен әскер барынша тиімді басқарылады. Бұл – парсылардың Вашингтон мен Тель-Авивке дайындаған тосынсыйы", - дейді Бәкішев.
Сондай-ақ саясаттанушы соғыс туралы шешімді АҚШ президенті Дональд Трамптың генералдармен немесе қауіпсіздік қызметімен емес, өзінің күйеу баласы Джаред Кушнер мен достары секілді сыртқы саясаттан хабары жоқ адамдармен ақылдасып қабылдағанын атап өтті. Ол мұны 2022 жылы Кремльдің жіберген қателігімен салыстырады.
Бәкішевтің пайымдауынша, АҚШ қазір Тегеранға талап қоятын жағдайда емес, керісінше, Иран өзіне сенімді әрекет етіп отыр. Ол Қытаймен бірлесіп Ормуз бұғазын бақылауға алып, мұнай экспортын соғысқа дейінгі деңгейден де асырған. Ал Вашингтон болса, мұнай бағасын тұрақтандыру үшін стратегиялық қорын пайдалануға мәжбүр.
Сарапшының сөзінше, заманауи соғыста дрондар мен шағын катерлерге қарсы АҚШ-тың қымбат зымырандары мен ірі әуе кемелері тиімсіз болып шықты.
"Абай болмаса, аймақтағы АҚШ-тың зор кемелерін Иран оңай батырып жіберуі де әбден мүмкін. Ұят болады ғой... Жағдай жақсы емес", - деп қорытындылады саясаттанушы.
Фото: Әлеуметтік желіден