24.10.2025 жылы Степногорск қаласында Республика күніне арналған мерекелік концерт өтті. Салтанатты іс-шара ел бірлігі мен тәуелсіздікті дәріптеу, рухымызды жаңғырту мақсатында ұйымдастырылды.
Қала тұрғындары мен қонақтарын айтулы мерекемен қала әкімі Гайдар Қасенов құттықтады. Өз сөзінде ол Республика күнінің – еліміздің егемендігі мен жаңару жолындағы тарихи белес екенін атап өтіп, барлық степногорлықтарға бейбіт өмір, мол табыс және жарқын болашақ тіледі.
Мереке барысында қала дамуына және қоғамдық өмірге белсене атсалысқан азаматтар алғыс хаттармен және марапаттармен құрметтелді.
Кештің көркін қала өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдарының әсерлі өнері кіргізді. Әсем ән мен көңілді би көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ерекше мерекелік атмосфера қалыптастырды.

Бұл мереке әр отбасына шаттық пен береке, ал елімізге – бірлік пен өркендеу әкелсін!




