Бүгінгі таңда қылмысты азайтудың ең тиімді жолы жүйені цифрландыру. Бұл қылмыскерлердің қолға түсуін жеңілдетіп, қоғамдық тәртіпті бақылауды күшейтеді. Халық көп шоғырланған, қылмыс жиі болатын Алматы қаласын бақылау оңай емес. Осы тұрғыда Todayinfo.kz Салтанат Әзірбекпен сұхбаттасып, цифрландыру жұмыстары жайлы анықтап көрді.
- Алматы полициясында цифрландыру бағытында қандай жаңа жобалар іске асырылып жатыр?
Алматы қаласының полициясы цифрлық трансформацияны құқық қорғау қызметінің ажырамас бөлігі ретінде қарастырады. Бүгінде қалада Бірыңғай бейнемониторинг жүйесі, интеллектуалды бейнеаналитика, жасанды интеллект элементтері және заманауи цифрлық платформалар кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.
Қазіргі таңда агрессивті мінез-құлық пен төбелесті автоматты түрде анықтайтын бейнеаналитика пилоттық режимде Алатау ауданындағы 10 мектепте іске қосылды. Үш айдың ішінде жүйе 24 ықтимал оқиғаны автоматты түрде анықтап, ақпарат ювеналды полиция инспекторларына жедел жолданды. Жоба оң нәтиже көрсеткендіктен, жыл соңына дейін оны Алматыдағы барлық 227 мемлекеттік мектепке енгізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар қалаға кіреберіс және шығаберістегі «Бекет» шептік бекеттерін толық цифрландыру көзделген. Жоба аясында олар заманауи бейнебақылау жүйелерімен, «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешендерімен, қозғалысты басқару құралдарымен және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жабдықталады.
- Жасанды интеллект құқық бұзушылықтардың алдын алу немесе оларды ашу процесінде қалай қолданылып жатыр?
Жасанды интеллект бүгінде құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында нақты нәтиже беріп келеді.
Қазіргі таңда Алматыда бейнеаналитика адамның агрессивті әрекетін, төбелесті, адамдардың шамадан тыс шоғырлануын автоматты түрде анықтай алады. Сонымен қатар жаңа жүйелерде бет-әлпетті тану технологиялары, іздеуде жүрген тұлғаларды анықтау, өрт немесе түтін белгілерін ерте кезеңде байқау функциялары енгізілуде.
Бұдан бөлек, Департаментте «Заң және тәртіп» атты AI-ассистентті енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл жүйе қызметкерлерге нормативтік-құқықтық актілерді, бұйрықтарды және ведомстволық құжаттарды бірнеше секунд ішінде іздеп тауып, қажетті ақпаратты ұсынуға мүмкіндік береді. Ең бастысы – барлық ақпарат Департаменттің ішкі серверлерінде сақталып, сыртқы платформаларға жіберілмейді.
- Азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарау процесі қаншалықты цифрландырылды?
Азаматтардың өтініштері толықтай электрондық бақылау жүйесіне енгізілген. Әрбір өтініш бірыңғай ақпараттық жүйеде тіркеліп, оның орындалу мерзімі автоматты түрде қадағаланады.
Жыл басынан бері Алматы полициясына 116 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Бұл азаматтардың цифрлық байланыс арналарына деген сенімінің артқанын көрсетеді. Сонымен қатар Департамент басшылығы азаматтарды жеке қабылдауды тұрақты түрде жалғастырып келеді.
- Бейнебақылау камералары мен «Сергек» жүйесінің тиімділігіне қатысты қандай нақты нәтижелер бар?
Қазіргі таңда Алматыда 200 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Оның 73 мыңнан астамы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған.
Соның ішінде 19 мыңнан астам камераға жасанды интеллект пен бейнеаналитика функциялары енгізілген.
Бұл жүйелердің көмегімен іздеудегі автокөліктер мен адамдар анықталып, жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзушылықтары тіркеледі, қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары күшейтілді.
Нәтижесінде биылғы бес айдың қорытындысында:
- құқық бұзушылықтардың жалпы тіркелуі 10,9%-ға төмендеді;
- қоғамдық орындардағы қылмыс 31,7%-ға азайды;
- көшелерде жасалған қылмыс 48,6%-ға төмендеді;
- қылмыстардың ашылу деңгейі 68,4%-ға жетті.
Бұл көрсеткіштер цифрлық технологиялардың тиімділігін айқын көрсетеді.
- Полицияның цифрлық жүйелерінде азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі?
Ақпараттық қауіпсіздік - цифрландырудың басты қағидаларының бірі.
Полиция пайдаланатын барлық цифрлық жүйелер мемлекеттік ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес қорғалған. Жүйелерге қол жеткізу деңгейлері нақты шектелген, пайдаланушылардың барлық әрекеттері қадағаланады.
Ал енгізу жоспарланып отырған AI-ассистент толықтай Департаменттің ішкі серверлерінде жұмыс істейтін болады. Бұл қызметтік және дербес мәліметтердің сыртқы ақпараттық жүйелерге таралуына жол бермейді.
Сұхбатыңызға рахмет!




