Todayinfo.kz
Politics

Трамп Конгреске үндеу жасады: Иран АҚШ-қа жететін зымыран дайындап жатыр

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның Америкаға жететін зымыран жасап жатқанын мәлімдеді. Ол сондай-ақ Украина мен НАТО-ға қатысты да сөз қозғады.

By Мухтар Жексенбаев (журналист)··2 min read
Трамп Конгреске үндеу жасады: Иран АҚШ-қа жететін зымыран дайындап жатыр
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның Америка аумағына дейін жететін зымырандар жасап жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Иран қазірдің өзінде Еуропа мен АҚШ-тың шетелдегі әскери базаларына қауіп төндіретін қаруды әзірлеп қойған, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Трамп Конгреске жолдаған үндеуінде Иранның былтыр жаздағы америкалық соққылардан кейін ядролық бағдарламасын қайта жандандыруға тырысып жатқанын да айтты. Сонымен қатар ол Тегеранның ядролық қару жасаудан бас тартатынына уәде бермей отырғанын атап өтті.
"Біз Тегеранның ядролық қаруға қол жеткізуіне ешқашан жол бермейміз. Дегенмен, мәселені дипломатиялық жолмен шешкенді жөн көремін", - деді АҚШ президенті.
Бұған қоса, Трамп Ирандағы наразылықтар кезінде кем дегенде 32 мың адамның қаза тапқанын мәлімдеді. Ресей-Украина соғысына қатысты ол өз әкімшілігінің қақтығысты тоқтату үшін белсенді жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Трамптың сөзінше, НАТО-дағы еуропалық одақтастар Украинаға жіберілетін америкалық қару-жарақтың құнын толық өтеп отыр.
"Біз Украинаға жіберетін қарудың бәрі НАТО арқылы өтеді және олар бізге толық ақысын төлейді", - деп түсіндірді ол.
Трамп сондай-ақ НАТО елдері оның өтінішінен кейін альянстың ортақ бюджетіне өздерінің жалпы ішкі өнімінің 5 пайызын бөлуге келіскенін де қосты. Ол АҚШ-тың жақында Венесуэладан 80 миллион баррельден астам мұнай алғанын айтып, Каракасты «Американың жаңа досы әрі серіктесі» деп атады. Фото: Әлеуметтік желіден

Related