Todayinfo.kz
TechView all articles

«Жасанды интеллект – қазақ жастары жіберіп алмауы тиіс мүмкіндік»: Қытайда қазақ жастары баламасыз бағдарлама ойлап тапты

Қытайдағы қазақ жастарына қазақстандық кәсіпкер Айбын Әубәкір қолдау көрсетіп, жетекшілік жасады.

By Айдар Керім··2 min read
«Жасанды интеллект – қазақ жастары жіберіп алмауы тиіс мүмкіндік»: Қытайда қазақ жастары баламасыз бағдарлама ойлап тапты

Қазақстан мен Қытай арасындағы халықтық дипломатияны дамытуға 35 жылдан астам уақытын арнаған қазақстандық кәсіпкер Айбын Әубәкір бүгінде екі ел ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретін цифрлық жобаларды жүзеге асырып келеді. Оның бастамасымен Қытайда білім алып, технология саласында тәжірибе жинаған қазақ жастары бірігіп, жасанды интеллект негізіндегі бірнеше инновациялық бағдарламаларды дайындап шығарды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасаған Todayinfo.

Айбын Әубәкірді көпшілік Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға үлес қосып жүрген азамат ретінде жақсы біледі. Ол ұзақ жылдар бойы екі елдің халқын жақындастыру, Қазақстанды Қытай аудиториясына кеңінен таныстыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Бүгінде оның Қытайдың Douyin платформасында 500 мыңға жуық, WeChat Video Channel желісінде 50 мың, ал халықаралық әлеуметтік желілерде 150 мыңнан астам оқырманы бар. Ол дайындаған бейнероликтердің жалпы қаралымы 100 миллионнан асып, Қазақстанның табиғаты, мәдениеті мен туристік әлеуетін миллиондаған қытайлық көрерменге таныстырды.

Алматы, Астана, Шығыс Қазақстан облысы, Маңғыстау өңірі және еліміздің өзге де көрікті жерлері туралы жүздеген бейнероликті Айбын Әубәкірдің өзі түсіріп, монтаждап, мәтінін әзірлеп, дыбыстаған. Авторлық контенттің басты ерекшелігі – Қазақстанды табиғи қалпында, шынайы бейнелеуі.

Жасанды интеллект саласындағы жаңа қадам

Соңғы жылдары әлемде жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамып келеді. Осы үрдісті ескерген Айбын Әубәкір Қытайдағы қазақ жастарының жаңа технологиялардың игілігінен тыс қалмауына ерекше назар аударған.

Оның бастамасымен құрылған Hainan Sana Intelligent Technology компаниясы көпұлтты орта мен трансшекаралық саудаға бейімделген жасанды интеллект өнімдерін әзірлеуде.

Компания жасаған Sana AI қосымшасы іске қосылғанына екі айға жетер-жетпес уақытта әлем бойынша 10 мыңнан астам рет жүктелген. Қосымша 100-ден астам тілді аударады, мәтінді суреттен таниды, жасанды интеллект көмегімен сурет пен қысқа бейнероликтер жасай алады. Сондай-ақ қытай, қазақ (кирилл және төте жазу) және ұйғыр тілдерін қолдайды.

Бұдан бөлек, Қытайдағы қазақ қауымына арналған қазақ тіліндегі интеллектуалды навигациялық жүйе әзірленіп, ресми іске қосылуға дайындалуда. Сонымен бірге мал шаруашылығына арналған «ақылды» электронды мойынбау жобасы да жүзеге асырылып жатыр.

Айбын Әубәкір: «Технология – халықтарды жақындастыратын жаңа көпір»

Айбын Әубәкірдің айтуынша, бүгінгі таңда мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстармен ғана емес, цифрлық технологияларды қаншалықты тиімді игере алуымен де өлшенеді.

«Мен 35 жыл бойы Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстарды дамытуға атсалысып келемін. Бұрын халықтарды мәдениет, туризм және сауда арқылы жақындастырсақ, қазір бұл миссияны жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар жалғастырып жатыр. Біз Қытайда білім алып жүрген және технология саласында еңбек етіп жүрген қазақ жастарын біріктірдік. Мақсатымыз – олардың білімін өз халқымыздың игілігіне бағыттау. Қазақстан мен Орталық Азияға пайдалы болатын, көптілді әрі қолжетімді жасанды интеллект өнімдерін жасау – біздің басты міндетіміз», – дейді Айбын Әубәкір.

Оның айтуынша, Қытайдағы дамыған жасанды интеллект экожүйесі, қуатты инфрақұрылым мен қолжетімді есептеу ресурстары жаңа технологияларды жылдам дамытуға мүмкіндік береді.

«Біз тек коммерциялық өнім жасауды емес, адамдардың күнделікті өмірін жеңілдететін технология әзірлеуді көздейміз. Тілдік кедергілерді азайтып, кәсіпкерлерге, студенттерге, туристерге және қарапайым азаматтарға көмектесетін цифрлық құралдарды көбейткіміз келеді. Болашақта бұл жобаларды Қазақстанға және бүкіл Орталық Азияға енгізуді жоспарлап отырмыз», – дейді ол.

9ce687a8-a8b1-43ba-b504-970d2915df16.jpg

Сарапшылардың пікірінше, мұндай бастамалар Қазақстан мен Қытай арасындағы цифрлық ынтымақтастықтың кеңеюіне ықпал етіп қана қоймай, қазақ жастарының халықаралық технологиялық жобаларға белсенді қатысуына жол ашады. Бүгінде жасанды интеллект саласындағы мұндай бастамалар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа бағыты ретінде бағалануда.

Related