Todayinfo.kz
Ақпарат комитетіView all articles

Қазақстанның қорғаныс саясаты: әскери дайындық пен халықаралық ынтымақтастық

Қазақстанда қорғаныс қабілетін нығайту, егемендікті сақтау және әскери ынтымақтастықты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Қорғаныс министрінің ресми өкілі Әйгерім Ағылтаева Todayinfo.kz ақпараттық порталына әскери әлеуетті көтеруде атқарылып жатқан жұмыстармен бө

By Айғаным Нариманова··3 min read
Қазақстанның қорғаныс саясаты: әскери дайындық пен халықаралық ынтымақтастық
Қазақстанда қорғаныс қабілетін нығайту, егемендікті сақтау және әскери ынтымақтастықты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Қорғаныс министрінің ресми өкілі Әйгерім Ағылтаева Todayinfo.kz ақпараттық порталына әскери әлеуетті көтеруде атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті. Ведомство өкілінің айтуынша, қазіргі әскери дайындық жүйесінде классикалық атыс тәсілдерінен гөрі күрделі әрі динамикалық әрекеттерге көбірек мән беріліп отыр. Яғни әскери қызметшілердің қозғалыс кезінде дәл ату дағдыларын жетілдіру, бөлімше құрамындағы өзара іс-қимылды күшейту, жедел шешім қабылдау және тез өзгеретін жағдайға бейімделу қабілеттерін дамыту негізгі басымдыққа айналған. Осындай жаңа талаптарды енгізу мақсатында Қарулы күштер құрамында арнайы нұсқаушылар корпусы құрылды. Оның құрамына қатаң іріктеуден өткен тәжірибелі әскери қызметшілер енген. Нұсқаушылардың негізгі міндеті – әскери бөлімдердің жеке құрамына тактикалық және атыс даярлығының заманауи әдістерін үйрету.
"Жуырда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының полигондарында тактикалық-атыс дайындығы бойынша нұсқаушыларға арналған алғашқы ауқымды курстар аяқталды. Мұндай мамандарды даярлау Құрлық әскерлерінің жауынгерлік дайындық жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды қадам болып саналады", - деді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігің ресми өкілі Әйгерім Ағылтаева.
Қазақстанның қорғаныс саясатының тағы бір маңызды бағыты – халықаралық әскери ынтымақтастық. Бұл өз кезегінде елдің қорғаныс қабілетін күшейтіп, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстан түрлі мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен әскери және әскери-техникалық салада бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді. Соңғы жылдары Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), сондай-ақ НАТО және БҰҰ аясындағы серіктестікті кеңейтті. Ресей, Қытай, АҚШ, Түркия, Франция және Үндістан сияқты елдермен әскери байланыстарды тұрақты түрде нығайып келеді. Ресей Қазақстанның қауіпсіздік саласындағы негізгі серіктестерінің бірі саналады. ҰҚШҰ шеңберінде Қазақстан «Өзара іс-қимыл» және «Мызғымас бауырластық» сияқты бірлескен әскери жаттығуларға тұрақты түрде қатысады. Сонымен қатар Ресей Қазақстанға әскери техника мен қару-жарақ жеткізетін басты елдердің бірі. Мысалы, Қазақстан армиясы Су-30СМ жойғыш ұшақтарын, БТР-82А бронетранспортерлерін және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін пайдаланады. Қытаймен де қорғаныс саласындағы байланыс белсенді дамып келеді. ШЫҰ аясында терроризм мен экстремизмге қарсы бірлескен жаттығулар өткізіледі. Сонымен қатар екі ел әскери техника өндірісі бойынша жобаларды іске асырып, Қазақстан аумағында ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіру бағытында ынтымақтастық орнатқан. Қазақстан НАТО-ның «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» бағдарламасына да қатысады. Осы бағдарлама аясында қазақстандық әскери қызметшілер халықаралық жаттығуларға қатысып, бітімгерлік миссияларға дайындықтан өтеді. Қазақстандық бөлімшелер БҰҰ миссиялары құрамында Таяу Шығыс пен Африкадағы операцияларға қатысып келеді. Франция Қазақстанмен бітімгерлік күштерді даярлау саласында әріптестік орнатқан. Ал АҚШ қазақстандық әскери қызметшілерді халықаралық миссияларға дайындауға техникалық және қаржылық қолдау көрсетеді. Түркия да Қазақстанның маңызды әскери серіктестерінің бірі. Екі ел бірлескен кәсіпорындар құрып, бронетехника мен әскери жабдық өндірісін дамыту бағытында жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар түрік тарапы қазақстандық курсанттарды әскери академияларда оқытуға гранттар бөледі. Қазақстан армиясы үшін түріктің Bayraktar TB2 ұшқышсыз ұшу аппараттарын жеткізу де Қарулы күштерді жаңғыртудағы маңызды қадамдардың бірі болды. Осылайша, әскери дайындықты жетілдіру және халықаралық әріптестікті кеңейту Қазақстанның қорғаныс қабілетін нығайтып, аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етіп отыр.

Related

Қазақстанның қорғаныс саясаты: әскери дайындық пен халықаралық ынтымақтастық · Todayinfo